Аталған кодекс жобасы сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыру, адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау кепілдігін күшейту мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртуға бағытталған. Бұл мақсатта қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату көзделеді. Сонымен қатар, тергеу мен анықтау органдарының азаматтар құқықтарын қозғайтын әрекеттерді дербес қабылдау бойынша өкілеттіктері тарыла түседі. Ал адвокаттар сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуы кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, қылмыстық процеске «кінәсін мойындау туралы мәміле» институты енгізіледі. Оның негізгі міндеті күдіктінің жасаған әрекеті үшін жазаны жеңілдету мақсатында тергеу органымен белсенді ынтымақтастыққа қол жеткізу болып табылады.
Сонымен қатар, сот ісін жүргізу де оңайлатылып, жеделдетіледі, өйткені үлкен көлемді тергеу және сот әрекеттерін жүргізудің қажеті болмайды. Сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде жедел іздестіру шараларын жүргізу тәртібі реттеледі. Сонымен бір мезгілде мұндай әрекеттерге прокурордың санкция беруі азаматтарды олардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық конституциялық құқығының бұзылуынан қорғауға мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық соттың сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылауын кеңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізілетін болады. Оның өкілеттігіне жекелеген тергеу әрекеттеріне санкция беруден басқа, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тараптардың шағымдары мен өтінішхаттарын қарауды енгізу де ұсынылады.
Жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс жобасымен қылмыстық теріс қылықтарды тергеу мәселелері де реттеледі.
Дереккөз: ҚазАқпарат