«Қарағандыда төлемге жетпей қалған 30 теңге алты жасар баланың денсаулығына залал келтірді. Маршрутты автобустың жүргізушісі жол ақысына жетпей қалған осынша теңгесі үшін жолаушы әйелді баласымен бірге қаланың бір шетіне апарып, тастап кеткен», – делінген хабарламада.
Анықталғандай, Татьяна Захарова сол күні таңертең кенже ұлын мектепке апара жатады. Оларға бар-жоғы үш аялдама жүру керек болған. Келіншек автобусқа мінген кезінде ғана қалтасындағы ақшасының жетімсіз екенін байқайды. Сондықтан кассирге 80 теңге орнына жанында бар 50 теңгесін береді. Ал кассир бұған жауап ретінде оларды өз аялдамаларынан түсірмей, қаланың бір шетіне апарып тастап кетеді.
Алайда, айдалада қалған Захарованың баласын алып, үйіне қайтуға ақшасы болмайды. Себебі, соңғы 50 тиынын жаңағы кассир қағып алған. Онымен қоймай, қасақана қаланың бір шетіне дейін жеткізіп, түсіріп кеткені тағы бар. Бұл не деген кесепаттық десеңізші!
Сосын ана мен бала аязды күні айдалада біраз тұрып қалады. Егер сол кезде полицей патрулінің машинасы кезігіп, ала кетпегенде, бұлардың жағдайы тіпті мүшкіл болар еді. Соның өзінде кішкентай бала суыққа әбден ұрынып қалған екен.
«Қарасақ, аяздан азап шеккен балақай жылап тұр. Көзінен аққан жасы сол маңда қатып қалыпты. Осындай боранды күні балалы әйелді далаға тастап кетіп жүрген қандай тасжүректер еді! Мені олардың осыншалықты қатыгездіктері қатты қайран қалдырды», – дейді жол-патруль қызметінің полицейі Александр Сәдуақасов.
Нәтижесінде бірінші сыныптың оқушысы қалпақтай түседі. Ол дене қызуымен шұғыл ауруханаға жатқызылады. Дәрігерлер алты жасар ұлдың ауырып қалуы денесінің тоңазығанынан болғанын айтып отыр.
Татьяна Захарова қазір жүргізушінің үстінен қалалық коммуналдық шаруашылық және көлік бөліміне шағым беріп қойыпты. Егер одан нәтиже болмаса, бұдан әрі сот пен прокуратураға шағымданбақшы.
Дереккөз: bnews.kz