Атырау, 24 қараша 17:32
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұшақ апатында қаза тапқандарды еске алды

2 674 просмотра

Бүгін Алматы маңында болған ұшақ апатында қаза тапқандарды еске алды. Көкшетаудан ұшып шыққан CRJ-200 ұшағы былтыр әуежайға бірнеше шақырым жетпей құлаған болатын. Жолаушылар мен экпиаж мүшелері түгел қаза тапты. Сол апат орнында марқұмдардың есімдері қашалған ескерткіш тақта ашылып, ағайын-туыс еске алу шарасын өткізді. Ал әуе апатының себептері жыл өтсе де әлі айтылмай келеді.

21 адамның өмірін жалмаған әуе апатына тура бір жыл. Сол «Көкшетау-Алматы» рейсінің бортында болған азаматтардың туыстары жер-жерде марқұмдарды еске алу шараларын өткізуде. Қара жамылған отбасылардың бірі шымкенттік Асфандияровтар. Сол CRJ-200 ұшағының бортында стюардесса қызметін атқарған қыздары Динаға бүгін құран бағыштады.

Рита Асфандиярова, Д.Асфандиярованың анасы:

-Өте ауыр жыл болды. Қолдан келер қайран жоқ. Жер бауырлап жатсақ та енді оның қайтып келмесі анық.

Естеріңізге салсақ, әуе апаты Алматы іргесіндегі Қызылту ауылының маңында орын алған. «SCAT» әуе компаниясына тиесілі «Challenger» қалың тұманда әуежайға санаулы шақырым жетпей құлаған-ды.

–2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы әуежайының маңындағы ауа-райы жағдайы тура бүгінгіге ұқсас болған. Қалың қар жауып, қою тұман басқандықтан айналаны көру мүмкін болмады. Дәл сол уақытта Көкшетауда көкке көтерілген CRJ-200 ұшағы дәл мына сайға құлаған. Арада бір жыл уақыт өткенде оның қалдықтары түгел жинастырылған, ал апат жайлы мына ескерткіш белгі береді.

Тасқа экипаждың бес мүшесі және 16 жолаушының аты қашалып жазылған. Ескерткішті «SCAT» компаниясы қойғанын айта кетейік. Тек қазақшаға қашанда шорқақ олар мемлекеттік тілдегі жазуда тағы қате жіберіпті. Бүгін сол тақтайшаға әуе апатында жарынан, баласынан айырылған жандар гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды еске алды. 

Айман Хұсаинова, А.Хұсаиновтың әпкесі:

– Міне үйі, дәл осы жерде. Үш-ақ шақырым жерде. Үйдің жанына келіп құлады ғой. Өзі Алматыда тұрады, әкесі Көкшетауда істейтін. Әкеме «барып келемі»н деп, Омбыдағы атасы болатын. Қоштасқандай болды, туыстардың барлығына барып.

Апаттан бері бір жыл өтсе де құзырлы орындар қайғылы оқиғаның болу себебін әлі аша алар емес. 

–Көрінетіндей көмек болып жатқан жоқ шыны керек. Ең болмаса қара жәшіктің «қорытындысын айтамыз» деп әлі күнге дейін айтпады.

Ал «SCAT» компаниясының басшылығы әлі күнге дейін жауапкершілікті түсіне қоймаған тәрізді. Қаралы жиында күліп сөйлесе, кейін тілшілерге «шақырусыз келдіңдер» деп дүрсе қойды.

Владимир Денисов, «SCAT» әуе компаниясының президенті:

 –Не айтам мен? PR- бөліміне тапсырма берейін солар сұхбат беріп сұрақтарыңызға жауап берсін. Менің қазір көңіл-күйім жоқ.Оның үстіне сіздерді ешкім мұнда шақырған жоқ қой.

Айта кетерлігі осы күнге дейін  зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Мәскеуге жіберілген қара жәшіктің қорытындысы шықпаған. Істің сиыр құйымшақтанып, созбаққа салынғандығы марқұмдардың туыстарын алаңдатып отыр.

Дереккөз: КТК

29 қаңтар 2014, 11:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.