Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2013 жылдың наурыз айында Есіл ауданына қарасты Калачи мен Красногорский ауылдарында энцефалопатия, яғни мидың зақымдалуы деген диагнозбен отыз үш адам тіркелген. Ауыл тұрғындары дәрігерлерге бас ауруы, ұмытшақтық пен тым ұйқышылдық мазалайды деп шағымданған көрінеді.
«Қазір ауылда қарағандылық ғалымдар тұрғындарды түгелдей зерттеп жатыр. Семейден де мамандар шақыртылды. Әзірге қандай да бір тұжырым жасау ерте» дейді басқарма мамандары.
Ал мемлекеттік санитариялық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің облыстық департаментіндегілер халықтың жаппай ауруға шалдықты дегенін жоққа шығарып отыр.
«Есіл ауданында індет жоқ. Бұған бірнеше рет алынған сынамалар дәлел бола алады»,- дейді мекеме қызметкерлері.
Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысындағы аталған елдімекендер маңында уран өңдеумен айналысқан. Кен таусылған соң, шахта жабылып, қауіпсіздік шаралары сақталмапты.
Дереккөз: Baq.kz