Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген киллер тапсырысты Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтан алғанын сотта растады деп хабарлайды КТК арнасы.
Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевқа қатысты қайта жанданған процесте осы Рустам Ибрагимовтан жауап алынды. Бұған дейін белгісіз болған жайттарды жайып салған жендет қылмысқа қалай дайындалып, қалай орындағанына дейін тізіп шықты. Ал Өтембаевтың өзі 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 20 жылға түрмеге қамалған болатын.
Бұған дейін сот процесінде Ержан Өтембаевқа жаңа айып тағылуы тиіс екендігін хабарлаған болатынбыз. Бірақ прокурорлар 2006 жылғы айыптау қорытындысын қайта оқып, қос тараптың наразылығын тудырды. Олар бұл процесте жаңа мәліметтер анықталғандықтан мемлекеттік айыптаушылардың да сөзі өзгеруі тиіс дегенді алға тартуда.
Ал киллердің өзін сот залына түстен кейін жеткізді. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған 46 жасар Рустам Ибрагимовті мұздай қаруланған күзетшілердің жіті бақылауында. Жанынан бір қадам алыстаған жоқ. Осы киллердің жауабы өзгерген соң Алтынбек Сәрсенбайұлына қатысты процесс қайта жанданған болатын. Ол қоғам қайреткері мен көмекшілерін қалай өлтіргенін айтты.
"Әлнұр Мұсаев телефон шалған кезде барлығы менімен бірге екенін айттым. Түгел өлтір дегенде не айтарымды білмедім. Сол кезде не сенікілер өледі, не олар өледі деді. Сондықтан Алтынбек Сәрсенбайұлын атып өлтірдім", - деп баяндады ол.
Ибрагимов сондай-ақ бұл іс бойынша барлық деректерді жайып салды. Тек бөлек ұялы телефон арқылы Әлнұр Мұсаевпен хабарласып, Сәрсенбайұлының мекен-жайы мен мінген көліктеріне дейін сипаттап берді.
Қару-жарақ пен жүздерін жасыру үшін бас киім кигендері де белгілі болып отыр. Ал киллердің сөзін тыңдаған соң жәбірленуші жақ Өтембаевқа қатысты өзге шара қолдануды талап етті.
"Өтембаевқа қылмысты жасырғаны үшін қосымша айып тағылуы тиіс. Өйткені ол біле тұра хабарлап айтпаған. Не болмаса қылмыстың алдын алуға болады деп айтпаған. Қылмыстың жасалатындығын біле тұра. Оның да дәлелденуі керек", - деген пікірде А.Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.
Сот кеше тек Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимовтің сөзін тыңдаса ертен тағы бес куәгерден жауап алынбақ. Олардың қатарында қылмыс жасалған күні көлік тізгінінде болған Виталий Мирошников да бар. Осылардың сөзінен соң осыған дейін сотталған азаматтарға тағайындалған жаза түрі өзгертілуі мүмкін.