Атырау, 24 қараша 18:03
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Н.Ерімбетов парақор шенеуніктердің түрмедегі өмірін жұртшылыққа көрсетуді ұсынды

2 234 просмотра
Саясаттанушы, қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетов парақор шенеуніктердің түрмедегі өмірін қоғамға көрсетуді ұсынды. Бұл жөнінде ол «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша азаматтық қауымдастықпен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде мәселе талқыланатыны туралы шешім қабылданғаннан кейін мен көптеген кітаптар мен әдебиеттерді, мақалаларды ақтардым, бірақ ештеңе таппадым. Өкінішке қарай, барлық жерде «алға», «алақай», «жұмыс жасау керек» дегеннен басқа ештеңе жоқ. Ғылыми негіз жоқ. Бүгінде азаматтық қауымдастық бұл ортаға тартылмаған және қалай жұмыс жасау керектігін біле бермейді. Сонымен қатар, барлығына мониторинг жүргізгісі келетін үкіметтік емес ұйымдар бар. Онда қаржы полициясы, бас прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдарының керегі не? Азаматтық сектор мемлекеттік органдардың жұмысын жасамауы керек», - деді Н.Ерімбетов.

Саясаттанушы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиені мектепте, отбасында қалыптастыру керек екенін және онымен күресуде жаңа әдістер қолданудың уақыты жеткенін айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы психологияны мектепте, отбасында тәрбиелеу керек. Әрбір уға қарсы дәрі табылады. Балалардың өзі парақорлық дегеннің не екенін біліп келеді мектепке. Себебі, ата-ана дастархан басында қай директорға қанша пара бергенін баланың көзінше ашық айта береді. Бізге тарихымызды, ділімізді есепке ала-отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрибелеуді қолға алу керекпіз. Бізге осы бағыттағы жұмыстарды өзгерту керек секілді. Мүмкін, дәстүрлі жұмыс жүргізуден өзгеше әдістерге, мейлі ол оғаш болсын, көшу керек шығар? Мынандай ұсыныстар бар. Пара алу кезінде ұсталған азаматтың тәркіленген мүлкін зәру адамдарға берген дұрыс деп ойлаймыз. Мысалы, тәркіленген үйін балабақшаға, соңғы үлгідегі қымбат көлігін соғыс ардагеріне, қаражатты көп балалы аналарға беру керек. Олар біздің қаражатымызды жымқырғандарын көруі тиіс. Сол сияқты, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін бүгінде 100-150 мың теңге беріледі. Неге сол параның 50%-ын бермеске? Бүгінгі күні парақордың түрмедегі өмірін көрсететін тұрақты бағдарлама дайындау керек деп ойлаймын. Орден табыс етіліп жатқан, тойда мәртебелі қонақ болып отырған, Қазақстан туының астында шетелдік делегацияны қабылдап жатқан шенеунікті көрсетіп, содан кейін оның пара алғаны үшін ұсталғанын және оның түрмедегі өмірін, сапта тұрғанын, қылмыскерлермен темір торда отырғанын жұртшылыққа жария ету керек. Себебі, парақор жариялылықтан қорқады. Мүмкін сонда ғана біз медальдің теріс беті де болатынын түсінетін шығармыз? Мұнымен азаматтық сектор, журналистер айналысуы керек», - деді ол.

Дереккөз: bnews.kz

 

24 қаңтар 2014, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.