Атырау, 24 қараша 17:47
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Елімізде өлім жазасын біржола алып тастау ұсынылды

1 795 просмотра
Бүгін Мәжіліс жұмыс тобы мен «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясы жанындағы құқықтық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, ҚР Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясынан өлім жазасын біржола алып тастау туралы ұсыныс талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

ҚР Қылмыстық кодексі жобасына ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың салыстыру кестесінде қоғамда жүріп жатқан үдерістер ҚР қылмыстық заңнамасындағы өлім жазасын біржола жою және ҚК жаңа редакциясының жобасынан жазаның бұл түрін алып тастау туралы айқын шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні көрсетілген.

Айта кетейік, 2003 жылдан бастап Қазақстанда Президенттің өлім жазасын қолдануға мораторий енгізу туралы Жарлығы жұмыс істеп келеді.

Мәселені талқылау барысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеген Бас прокуратура өлім жазасын алып тастауға келісім бермейтінін мәлімдеді.

«Соттар бұл жазаның түріне аса сақтықпен қарайды, тіпті төбе шашыңды тік тұрғызатын қылмыс жасалып жатса да, ондай жаза тағайындай бермейді. Сондықтан біз заңды жасаушы ретінде өлім жазасын толығымен алып тастауға ешқашан келісім бермейміз», - деді И.Меркель.

«Шынымды айтсам, өлім жазасын алып тастауға бұлтарпас дәлелдер келтірерсіздер деп ойлап едім. Мен ондайды естіген жоқпын», - деп толықтырды ол.

Оның пайымынша, Қазақстан бақуатты мемлекет, сондықтан елімізде халықты мұндай ауыр қылмыстардан қорғаудың нақты тетіктері болуы тиіс.

«Біз зардап шегушілердің құқығын ұмытып кете береміз. Ал олар адам емес пе сонда? Ешқашан мұндайға жол бермеу керек», - деп түйіндеді И.Меркель.

Дереккөз: bnews.kz

23 қаңтар 2014, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.