Қазақстан үкіметі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерін бекітті, делінген ресми БАҚ-тарда жарияланған үкімет қаулысында.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналардың мынадай шекті мөлшерлері бекітілсін: республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жылдық жиынтық табысы алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын және бір жарым миллион еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын кәсіпкерлік субъектілері үшін – есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына бір мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті күнтізбелік жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жылдық жиынтық табысы бір жарым миллион еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын кәсіпкерлік субъектілері үшін – есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына төрт мың төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.