Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған арулар байқауына қазақ қызы тұңғыш рет қатысқан екен. Десе де, өнері, көркі, талантымен қытайлардың таңдайын қақтырған қазақ аруы «56 ұлттың гүлі» деген атаққа ие болды.
Күнбике жастайынан Қытайдың бас телеарналарында жүргізуші болуды армандаған. Миллиардтан астам халық арасынан суырылып шығу оңай емесін ұққан ол арманына қол жеткізуге бала кезінен дайындалды. Өнерде де, оқуда да озат болды.
Қытай, қазақ, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлейді, домбыра тартады, ән салып, би билейді, таэквондомен айналысады. Түрлі сайыстарға қатысып, талай сахнаның төрінен көрінген. «Шыңжаң арулары» сайысының бірнеше мәрте жеңімпазы. Енді «56 ұлттың аруы» атанып отыр.
Аталмыш сайыс үш жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады. Биыл үшінші кезегі өтті. Шыңжаң автономиялық округының атынан бес ұлттың өкілі қатысқан: қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек және татар арулары, деп хабарлайды «Қазақстан» ұлттық арнасы.
Қатысушылар қытай тілі мен өз ана тілін меңгеру, өз ұлтын таныстыру, ән-би өнерін көрсетуден жарысқан. Күнбике барлық айналымда алдына жан салмады. Әсіресе, қытай тілінде, яғни, ханьзуша сөйлеуден ханьдықтардың өздерінен асып түскен.
Дереккөз: inform.kz