Құқық қорғау органдарының тағы бір шенді қызметкері жол апатына себепкер болды. Бұл жолы кісі қағып өлтірген Астанадағы аудандық прокурордың көмекшісі деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Шенді артына бұрылып қарауға да шамасы келмей, оқиға орнынан із суытқан. Ал жол бойында қансырап ұзақ жатып қалған 70 жастағы қария кейін операция үстелінде көз жұмды. Жылдамдық қуған прокурорға қатысты қылмыстық іс те қозғалыпты. Бірақ тергеу жәбірленушілердің пайдасына шешілмеуі мүмкін.
Мерейтойды тойлау бақыты бұйырмады. Жақсылық Ақпанов дәл туылған күні жер қойнына тапсырылды. Марқұм теміржол саласының құрметті ардагері. Ұзақ жылдар бойы жолсерік болып істеген. Ал дәл осы жерде көліктің астына түсті. Жаяу жүргіншілер жолағымен өте бергенде, зейнеткерді қатты жылдамдықпен келген шетелдік машина соққан. Кейін рөлде 24 жастағы Астанадағы аудандық прокурордың көмекшісі Мақсат Шыңғысовтың отырғаны анықталды. Жас жігіт адамды басқанымен қоймай оқиға орнынан қашып кеткен.
Қымбат көлікті тақымдаған прокурор далада қансырап жатқан қарияға көмек көрсетуге де жарамаған. Ал шамамен 200 метр жерде теміржол ауруханасы бар екен. Егер зардап шегушіге шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілгенде, оны аман-алып қалуға әбден болар еді.
Кездейсоқ адамдар жедел-жәрдем шақыртқанымен ішкі құрылысы түгел зақымданған Жақсылық Ақпанов операция үстелінде көз жұмды. Ал кінәлі жүргізуші кешірім сұрауға да жарамаған. Тек араға әкесін салып істі жабуға жанталасып жатқанға ұқсайды.
Жауапқа тартылмақ түгілі, Жақсылық Ақпановтың өзі айыпты болатын түрі бар. Себебі ереже бұзып жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен көрінеді. Марқұмның туыстары бұл лауазымды қызметкердің жауапкершіліктен жалтару үшін ойлап тапқаны дейді. Анығы оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Жаяу жүргіншіні басып кеткен жүргізуші анықталып ұсталды. Қаамауға алынды. Изоляторға жабылды.
Бір қызығы, кейін қолхатпен бостандыққа жіберілген.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.