Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға арнаған сөзінде жоғары деңгейдегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысы өткенін және оның барлық қызметі 2015 жылдың 1 қаңтарынан басталатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына бағытталғанын, өтіп бара жатқан 2013 жылдың маңыздылығына тағы да тоқталды.
«Бүгін бізге Шарттың құрылтайшылық және салалық бөлімдерінің әзірлену барысы туралы толық баяндады. Осы үлкен жұмыста оң сипаттағы ілгерілеушілік бар екенін атап өткім келеді. 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қорытынды нұсқасына қол қоюымыз үшін әр тарап барынша күш салады. Мұндай жұмыс режімі барысында болашақ Одағымыздың негізгі құжатының сапалы болуын да ұмытпағанымыз маңызды. Еуразиялық экономикалық комиссияны интеграцияның жаңа деңгейіне сәйкес болуы және барлық қатысушылар мүдделерінің балансын қамтамасыз ету үшін реформалаған жөн», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еуразиялық интеграциялық үдеріске қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде, әсірелеусіз айтсақ, мемлекеттеріміздің тарихы жасалуда. Еуразиялық одақтың құрылуы – құлаған КСРО-ны қалпына келтіруге әрекеттену болып саналмайтын шын мәнінде инновациялық жоба. Өткенге оралуға жол жоқ және оралмаймыз да – бұл біздің біртұтас әрі бірыңғай ұстанымымыз. Біз артқа емес, алға қарай, әлемді интеграциялық бірлестіктер бастап келе жатқан бағытқа беттеп барамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті интеграциялық үдерістің саяси мақсаттар көздемей, ерікті түрде және халықтарымыздың игілігі үшін іске асырылатына назар аударды.
«Біздің интеграциялық бірлестігіміздегі саяси егемендіктің бекем екенін тағы да атап өткім келеді және бұл – аксиома. Оның үстіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны одан әрі орнықты ете түсуге мүмкіндік береді. Одақтағы әрбір елінің егемендігі тек қана нығая түседі және толық дами береді, соның ішінде халықаралық деңгейде де», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктердің негізінде экономикалық прагматизм, құрмет, еріктілік, барлық шешімдерді қабылдау кезіндегі теңдігі пен ашықтық тәрізді негізгі қағидаттар жатқанын атап өтті.
«Біз Еуразиялық одақты басқалардан бөлектену үшін емес, керісінше өзге серіктестерімізбен мейлінше ынтымақтаса түсу үшін құрудамыз. Сөзімнің соңында Қазақстан, Беларусь және Ресей одақ құру жөнінде жұмысты стратегиялық серіктестік пен достық рухында жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Экономикалық интеграция барлық елдің экономикалық мүмкіндіктерін едәуір күшейтеді деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның еуразиялық кеңістіктегі интеграция идеясының бастамашысы болып саналатынын еске салып өтті.
Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин отырыстың іскерлік және сындарлы ахуалда өткеніне тоқталды.
«Біз Қазақстан және Беларусь президенттерімен бірге еуразиялық экономикалық кооперацияны дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Қазан айында Минскіде өткен кездесуімізден кейін біз бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығардық. Ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткіздік. Жалпы, сарапшылар тарапынан шарттың негізгі институттық бөлімі келісілді, онда болашақ одақтың халықаралық-құқықтық мәртебесі, міндеттері мен іс-қимыл тетіктері айқындалған», – деді В.Путин.
Дереккөз: bnews.kz