«2006 жылғы 11 ақпанда Алматы қаласында Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлевтің және Бауыржан Байбосынның ұрланып, өлтірілуі орын алған болатын.
Ішкі істер органдарымен тергелу барысында осы қылмысқа қатысты тұлғалар анықталған. Ол Рустам Ибрагимов және тағы басқа 9 тұлға.
Өз кезегінде Ибрагимов Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші ретінде сол сәтте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппарат жетекшісі лауазымын атқарып отырған Ержан Өтембаевтың атын айтты.
Тергеумен анықталған барлық тұлғалар 2006 жылғы 31 тамызда Алматы облыстық сотымен ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айыруға, ал Ибрагимов тікелей ұйымдастырушы және орындаушы ретінде кейіннен өмір бойына бас бостандығын шектеуге ауыстырылған жазалаудың жоғарғы шарасына тартылды.
Дей тұрғанымен, 2012 жылғы 16 сәуірде түзеу мекемесінде жазасын өтеудегі Ибрагимов жасалған қылмыстың бұдан бұрын құқық қорғау және сот органдарына белгілі болмаған мән-жайлар хабарланған арызбен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінді.
Бұл арызда ол бірінші рет адам өлтіруді жасағанын мойындады, оны жасау мән-жайларын егжей-тегжейлі бейнелеп берді, сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші шын мәнінде Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екендерін көрсетті», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко.
Оның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотынының тапсырмасы бойынша қосымша алынған жауаптардың шынайлығы Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен арнайы құрылған жедел-тергеу тобымен тексерілген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша тергеуге Америка Құрама Штаттарының Федералдық Тергеу Бюросы тікелей қатыстырылған.
Дереккөз: Baq.kz