Атырау, 24 қараша 15:55
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Таиландта зардап шеккен Қазақстан азаматы бүгін түнде Астанаға жеткізіледі

1 828 просмотра

Кеше, желтоқсанның 17-інде Республикалық санитарлық авиация орталығының жедел бригадасы Фархат Мұратбековті елге жеткізу мақсатында Таиландқа ұшып шықты. Қазіргі уақытта қазақстандық дәрігерлер бригадасы Паттайя қаласында жұмыс істеуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Науқас Ф.Мұратбеков 2013 жылғы 13 желтоқсаннан бері Таиландтың «Samitivej Sriracha Hospital» ауруханасында жатыр. Сол жерде оның жағдайы тексеріліп, Қазақстанға жеткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде» делінген баспасөз баянында. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, санитарлық авиация ұшағы шамамен Астанаға бүгін, 2013 жылғы 18 желтоқсанда сағат 21.00-22.00 шамасында келіп қонады. Ал науқасты елге жеткізуге кететін шығынды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі көтерген.

Еске сала кетейік, Фархат Мұратбеков 2013 жылғы 9 желтоқсанда Таиландта қонақ үйдің хауызында шомылып жүрген кезінде зардап шеккен болатын. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалауда, ол терең комада жатыр. Қазір өкпені жасанды желдету жүйесіне қосылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне Таиланд Корольдігіндегі ҚР Елшісі Марат Есенбаевтан республика азаматы, 26 жасар Фархат Мұратбековтің Паттайяда ауруханада ауыр халде жатқаны туралы ақпарат түсіп, республиканың санитарлық авиациясы арқылы елге жеткізу мүмкіндігі туралы мәселе қойылды. Тоқтала кететін жайт, науқастың шетелдегі бір күндік емі 10 мың АҚШ долларына шығып отыр. Медициналық сақтандыру бойынша бөлінген қаражат толықтай жаратылып, туыстарының да жеке қаражаты шектеулі болғандықтан, науқасты елге жеткізуге көмек беру туралы өтінішке орай шешім қабылданды.

Тоқтала кететін жайт, 2013 жылдың 11 айында санитарлық авиация арқылы 1257 ұшу атқарылып, 1681 медициналық көмек көрсетіліпті. 1071 науқас республикалық және облыстық емдеу ұйымдарына жеткізіліп, 130 науқасқа ота жасалған.

Дереккөз: ҚазАқпарат

18 желтоқсан 2013, 16:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.