Атырау, 24 қараша 14:03
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тәуелсіздік жылнамасы: 2008-2009 жж

4 998 просмотра

BNews.kz ақпарат агенттігі Тәуелсіздігіміздің 22 жылында еліміз бен Елбасымыз қол жеткізген атаулы сәттерге шолу жасап, тәуелсіздік жылнамасының ең негізгі даталарын назарларыңызға ұсынады.

2008 ЖЫЛ

1 қаңтар – Көрші Өзбекстаннан қоныс аударған екі мың қандастарымызға арналған «Асар» атты шағын ауыл Елбасымыздың тапсырмасымен жоба ретінде қолға алынды.

1 ақпан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс департаменті арасында 2008-2012 жылдарға арналған бес жылдық ынтымақтастық жоспарының орындалуына қатысты өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Консультациялар жыл сайын қазақстан-американ әскери ынтымақтастығының жағдайы мен келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.

21 ақпан – Астана көшелері мен даңғылдарына жаңадан атау беру, қайта атау немесе біріктіріп атау туралы шешім қабылданды. Осыған орай, кешегі кеңес дәуірінен қалған тоталитарлық атаулар өзгертіліп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге 309 жаңаша атаулар берілді.

21 наурыз – Елордада «Астана – менің тағдырым» жобасының тұсауы кесілді.

22 сәуір – Алматы қаласында VІІ Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады. Форумның ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә. Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

25 маусым – «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтыру енгізілді. Толықтыру негізінде «6 шілде – Астана күні» болып бекітілді.

2 шілде – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.

6 шілде – Елордалықтар Қала күнін және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін тойлады. Мерекеге орай салтанатты шаралар өтіп, оған Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев, Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения басшысы Серж Саркисян, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Түркіменстан президенті Құрбанқұлы Бердымұхаммедов, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Иордания Королі Абдалла ІІ қатысты.

Қазақ мемлекетінің бас ескерткіші «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болды. Монументтің биіктігі – 91 метр.

8 шілде – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 32-сессиясында «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» аумағын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қабылдау туралы шешім қабылданды. Аталмыш аумақ құрамына облысымыздағы Қорғалжың мемлекеттік табиғат қорығы мен Қостанай облысындағы Наурызым мемлекеттік табиғат қорығы кіреді. Екі қорық та аталмыш тізімге енгізілген Орталық Азиядағы ең алғашқы нысандар.

24 шілде – Астананың сол жағалауында Елорданың жаңа ауданы құрылды. Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет Есіл атты жаңа ауданның құрылғаны туралы шешім шығарды.

4 тамыз – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сарагоса қаласында (Испания) «ЭКСПО-2008» Дүниежүзілік көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық күнін ашты.

17 тамыз – Қазақстандық спортшы Илья Ильин Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында алтын медель алды. Осыған орай мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Олимпиада чемпионы, Бейжіңдегі ХХІХ Олимпиада ойындарында алтын алғаны үшін ауыр атлет Илья Ильинге құттықтау жеделхатын жолдады.

4 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

14 қазан – Астана-Щучье автобаны пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде алғаш рет қазіргі заманғы технологиялар бойынша салынған Астана-Щучье автобанында барлық алты жолақ бойынша қозғалыстың ашылу рәсіміне қатысты.

17-19 қазан – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ислам әлемі және батыстың бірқатар мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері деңгейінде «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» атты форум басталды. Форумды Қазақстан Президенті ашты. Соңында конференцияның құжаты – Астана декларациясы қабылданды.

23 қазан – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясы өтті.

1 қараша – Қазақстан Республикасының «Электронды үкімет» порталында (www.e.gov.kz) Қазақстан Республикасы азаматтарынан сұрақтар қабылдау басталды.

6 желтоқсан – Парижде «Қазақстанның Франциядағы апталығы» ашылды.

30 желтоқсан – Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Бейжің қаласында өткен ХХІХ жазғы Олимпия ойындарына қатысып, жеңімпаз және жүлдегер атанған бір топ қазақстандық спортшыларды қабылдады. Президент Олимпиада чемпиондары зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаевты І – ші дәрежелі «Барыс» орденімен, ал күміс медаль иегерлері: зілтемірші Алла Важенина, Ирина Некрасова, дзюдошы Асхат Жіткеев пен еркін күрес балуаны Таймұраз Тигиевті «Парасат» орденімен наградтаса, Олимпиаданың қола жүлдегерлері: Мария Грабовецкая, грек-рим күресінің балуандары Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетовты, боксшы Еркебұлан Шынәлиев, еркін күрес шеберлері Елена Шалыгина мен Арман Шылмановті «Құрмет» орденімен марапаттады.

2009 ЖЫЛ

12 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бірінші интеллектуалдық мектебін ашты.

12 ақпан – Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына арналған партия Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы өтті.

6 наурыз – Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауын жариялады.

11 наурыз – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ІІ Астаналық экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Алқалы кеңес «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбына арналды.

11 сәуір – Иран астанасы Тегеранда қазақтан шыққан тұңғыш геолог, атақты ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды.

28 сәуір – Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекет басшыларының саммиті болып өтті.

15 мамыр – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партияның кезектен тыс XII съезі болып өтті.

1 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті.

20 тамыз – Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшылығы осы ұйымға мүше мұсылман елдерін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тамыздың 29-ын Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастамасын қолдауға шақырды.

30 тамыз – Астанада Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш Әскери шеру болып өтті.

9 қыркүйек– Американдық «Вашингтон Таймс» газеті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Демократия өскінінің әлеуеті» атты мақаласын жариялады.

5 қазан – Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы өтті.

12 қазан – Елордада ІІ Астана экономикалық форумына «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» атты құрылтайға әлемнің 40-тан астам елінен келген ғалымдар қатысты.

23 қазан – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Еуразия» ордені табыс етілді.

26 қазан – Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Ел бірлігі – біздің стратегиялық таңдауымыз» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясы өтті.

4 желтоқсан – Греция астанасы Афиныда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері ұйымы кеңесінің 17-отырысында Қазақстан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің тiзгiнiн ресми түрде қабылдап алды.

12 желтоқсан – Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі болып өтті.

Дереккөз: bnews.kz

 

15 желтоқсан 2013, 22:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.