Ақтөбеде 9 жасар оқушыны көлік қағып жүргізуші оқиға орнынан із суытқан. Жетегіндегі баласынан қалай айырылып қалғанын білмеген әкесі ұлын біраздан соң әрең тауыпты. Қансырап жатқан Ерболат Жұмағалиевті қаскөйлер қараңғы қуысқа тастап кеткен. Апат болған маңға бірнеше бейнебақылау камерасы орнатылса да тәртіп сақшылары оқушының өліміне кінәліні әлі анықтай алмай отыр.
Жалғыз ұлынан айырылған Ерлан Жұмағалиев сол күні баласын спорт мектебіне өзі жетелеп апара жатқан. Жүргіншілер жолағынан өте бергенде қатты жылдамдықпен автокөліктің қалай қағып өткенін байқамай қалыпты. Өзінің аяғы сынып, баласы әп-сәтте ұшты-күйлі жоғалған. Тек, жарты сағат өткен соң туберкулез диспансері маңындағы қуыстан қансырап жатқан жерінен тауыпты.
Ерлан Жұмағалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Қараңғы жерге, шамы жоқ жерге қақпаның қуысына тастап кеткен. Ар жағында ойық сулы жер бар. Соған тастап кеткен.
Үшінші сыныпта оқитын Ерболаттың ішкі құрылысы зақымдалып көп қан кетіпті. Ауруханаға жеткізілгенмен есін жимай жүріп кеткен. Енді қара жамылған отбасы оқиғаны көрген-білгендерді іздестіріп жатыр. Ал тәртіп сақшылары болса осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап күдіктіні табу үшін тұрғындардың өзінен көмек сұрап отыр.
-Оқиға болған мына маңда адамдар көп жүреді. Ең қызығы айналадағы тұрғынүйлердің барлығында бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен осы күнге дейін оқиғаға кінәлі автокөлік жүргізушісін табу мүмкін болмай отыр.
Жол апатынан қайтыс болған Ерболат бірер күннен соң олимпиадалық даярлау тобына қабылдануы тиіс болатын. Жаттықтырушылары келешегінен үміт күттіретін бала еді дегенді айтады.
Дереккөз: КТК