Қатардағы жауынгер Бекжан Бауыржановтың әскери борышын аяқтауына небәрі екі-ақ күн қалыпты. Ол 6 желтоқсан күні Оралға оралуы тиіс болатын. Тіпті үйіне қайтар билеті де сатып алынған. Бірақ сарбаз түс ауа әскери бөлім аумағында асылып тұрған жерінен табылған. Қайғылы оқиғаға не себеп болғаны белгісіз. Әскерилер жауынгер өзіне-өзі қол жұмсады деп отыр. Бұған сенгісі келмеген марқұмның туыстары сарбаз өліміне әскери бөлім басшылығын кінәлайды. Өйткені анасы Бекжан, елге қайтқанда қаржыдан тарықпасы үшін, банктік аударымдар арқылы алдымен 30 мың теңге, кейін тағы 10 мың теңге салып жіберген. Сарбаздың туыстары шатақтың осы ақшадан шыққанына сенімді.
Мәрияш Исқалиева, Бекжан Бауыржановтың туысы:
- Әжесіне "мама менің ақша салған балалардан кешірім сұрашы" деген аяныштылау дауысы бізді күмандандырып тастады. Отан алдындағы борышын өтеп, елге қайтайын деп тұрған баланы ондай жағдайға әкелетініне сенбейміз біз, күманданып тұрмыз.
Марқұмның мүрдесіне сот-дәрігерлік сараптама Қарағандыда жасалыпты. Дәрігерлердің жауынгер өзі асылып өлді деген ұйғарымына сенбеген туыстары, тәуелсіз сот-дәрігерлік сараптамасын Оралда да жасатты. Бірақ бұл жолы да дәрігерлер сарбаз өзіне-өзі қол жұмсады деген тоқтамға келіпті. Тексеру барысында сарбаздың денесінен соққы іздері, зорлық белгісін білдіретін өзге де таңбалар табылмаған.
Энгельс Әлмұқанов, Бекжан Бауыржановтың туысы:
- Ішкі органдарының бәрін алды жаңағы экспертиза. Бірақ бір жақ иығында жаңағы не бар. Түгел қарады. Шынында асылған дейді.
Әнуар Үкібаев, Қарағанды қаласы 6505 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, мен 6505 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісіндегі орынбасары ретінде жарғыдан тыс әрекеттердің болмағанын мәлімдеймін, ондай жағдайды теріске шығарамын. Мүмкін үйіндегі бір жағдайлар себеп болған шығар. Басқа ештеме айта алмаймын.
Қан жұтқан Қазмағамбетовтер отбасы баласының денесін ауылға - Жаңақала ауданына - алып кетті. Қатардағы жауынгер Бекжан Бауыржанов ертең, сейсенбі күні, жер қойнына тапсырылады. Ал әскери бөлім басшылығы сарбаздың отбасына материалдық көмек көрсететінін айтып сендірді.
Дереккөз: Baq.kz