Киевтегі Еуропамен интеграцияны қолдаушылардың үкіметке қарсы шеруіне қазақстандық белсенділер де қосылып, украин оппозициясына қолдау көрсеткендерін айтады.
Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы қарсылық акциялары үш апта бойы жалғасып жатыр. Қарашаның 21-і күні Украина үкіметі Еуропа Одағымен ынтымақтастық және еркін сауда аймағын құру туралы келісім-шартқа қол қоюға дайындықты тоқтату туралы шешімін жария еткен соң елде билікке қарсы жаппай шерулер басталған еді. Елдің Еуропа Одағымен интеграциясын жақтаушы жүздеген мың украиналық желтоқсанның 8-і күні Киевте 2004 жылдан бері болмаған ең ірі наразылық акциясына жиналды.
Жексенбі күні үкіметке қарсылық акциясына қатысушы бір топ жас Киевтің Тарас Шевченко бульварындағы совет көсемі Владимир Ленинге орнатылған ескерткішті құлатып, талқандап тастады. Бірнеше күннен бері ескерткішті күзетіп тұрған милиция өкілдері бұл оқиғаға араласпай, сырттай бақылап тұрған. Ескерткішті құлатқандар Украинаның мемлекеттік туын тігіп, әнұранын шырқаған. Кейін Ленин ескерткішінің бір бөлігі Тәуелсіздік алаңында наразылық жиынында тұрған жұртқа көрсетілді.
Азаттық тілшісі Украинадағы саяси толқу туралы Киев қаласында жүрген азаматтық белсенді Мұхтар Тайжанмен хабарласып, шағын сұхбат алды.
Азаттық: – Киевке қандай мақсатпен бардыңыз?
Мұхтар Тайжан: – Мақсатымыз – бірнеше аптадан бері Украина билігінің шешіміне қарсы жаппай наразылық акциясын өткізіп жатқан халыққа қолдау көрсету. Киев уақытымен кеше (желтоқсанның 8-і күні) кешкі сағат 20-ларда келдік. Бізді Киевте украин таныстарым қарсы алды. Артық жүгіміз болмағандықтан бірден минигіге бардық. Наразылық акциясына жиналғандар бізді өте жақсы қабылдап, қуанып жатыр. Мен сол жерде сөйлеп, бір топ Қазақстан азаматының сәлемін әкелгенімді, наразылық білдірушілерді қолдайтынымызды, украиналық белсенді азаматтар тек Украинаның ғана емес Қазақстанның да еркіндігі мен бостандығына дем беріп отырғанын айттым.
Біз келерден сәл ғана бұрын акцияға қатысушылар советтік кезеңнің белгісі болып тұрған Ленин ескерткішін құлатты. Сол жерде болдық. Түнімен наразылық акциясында жүріп таң ата аздап қана көз шырымын алдық.
Азаттық: – Наразылық акциясын ұйымдастырушылармен кездестіңіз бе?
Мұхтар Тайжан: – Киевтің мэриясының жанынан өтіп бара жатқанымызда акция ұйымдастырушылардың күзет қызметі шақырып, митинг ұйымдастырушылардың мэрия ішіндегі штабына алып барды. Киевтің мэриясы наразылыққа шыққандардың қолына өткен.
Штаб ішінде жан-жақтан келген адамдар демалып жатыр екен. Сол жерде де сөз алып, олармен ынтымақтастығымызды білдірдік. Қазақстанның ресейлік әскери полигондардан зиян шегіп отырғаны, Кеден Одағының біздің еліміздегі зардабы туралы, Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып, апатқа ұшырап жатқан зымыран тасығыштар мен халықты улап жатқан гептил жөнінде ондағыларды хабардар еттім.
Содан соң Майданға (орталық алаң – ред.) бардық. Майданда концерт өтіп жатыр екен. Адам көп. Сол майданда жүрген бірнеше қазақпен кездесіп қалдық.
Азаттық: – Акция өтіп жатқан жердегі көңіл-күй мен жалпы ахуал қандай екен?
Мұхтар Тайжан: – Мұндағы атмосфера ғажап, халықтың бірлігі өте күшті. Украин халқы өздерінің ұлт екенін әлемге әйгілеп отыр. Жалпы, митинг өте мәдениетті түрде өтіп жатыр, артық агрессия байқалмайды. Акцияға шыққандардың барлығы да тек украин тілінде сөйлейді. Ал наразылық акциясын қолдап отырған Украина Радасының депутаттары алаңға тігілген шатырларда халықты қабылдап жатыр.
Біз мұнда әлі төрт күн боламыз. Сондықтан көрген жаңалықтарымызды кейінірек те бөлісіп отырамыз.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
Дереккөз: Азаттық радиосы