«Бұдан бұрын Украина Жоғары радасының депутаты Александр Ефремов Киев қаласында Қазақстан елшісінің ұлын соққыға жыққаны туралы ақпарат таратып, ол бірқатар БАҚ беттерінде хабарланған болатын. Украинадағы ҚР Елшілігі А.Ефремовпен хабарласып, оның мәлімдемесінің мәнісі жайлы түсіндірме алды. Ол қазақстандық дипломаттарға оған қате ақпарат түскендігін айтып, кеткен олқылық үшін кешірім сұрады. Оның ресми кешірімі Украинаның аймақтар партиясының сайтында да жарияланған. Белгілі болғанындай, аталмыш оқиғада А.Байсақов есімді қазақстандық азамат жапа шеккен. Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігі ресми жолдар арқылы А.Байсақовтың тағдырын анықтау және оған көмек көрсету жұмыстарын жүргізуде», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Аймақтар партиясы фракциясының көшбасшысы Александр Ефремов «Шустер Live» бағдарламасының эфирінде Киевте Жоғарғы Раданың бұрынғы халық депутатының ұлын ұрлап кеткенін хабарлаған болатын. «Ол Қазақстан елшісінің ұлымен бірге Киев қаласының көшесінде келе жатты. Қазақстан елшісінің ұлын соққыға жықты. Ал оны машинаға салып алып, белгісіз бағытқа алып кетті», - деп әңгімеледі А.Ефремов. Кейін оны СІМ жоққа шығарады.
Дереккөз: ҚазАқпарат