24 жастағы алматылық Айдай Исаева жаңа «Қазақстан аруы» атанды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Бүгін Алматыда «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының 25 қатысушысының ішінен еліміздің ең әдемі қызы таңдалды. Мұндай атаққа С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 7 курс студенті 24 жастағы Айдай Исаева ие болды. Жеңімпаздың өзі айтқандай, «Қазақстан аруы» ол үшін еліміздегі соңғы сұлулық байқауы болады. Енді аруымыз «Әлем аруы» байқауының үздік ондығына кіруді көздеп отыр.
«Өте қобалжып тұрмын. Тәж маған бұйырады деп ойламап едім. Алайда енді мен «Әлем аруы» байқауына түсетініме сенімдімін. Бұл менің оныншы байқауым, сол себепті арманымды жүзеге асырып, бұл байқауда Қазақстан атынан қатысқым келеді. Жеңісімді ата-анам мен жақындарыма арнаймын. Мен сахнада тынбай еңбек еттім, бұл менің жеңіске жетуіме көмектесті»,-деп бөлісті өзінің алған әсерімен «Қазақстан аруы».
Байқауда ақтық сынға шыққан қатысушылардың ішінде жеңіске бір қадам жете елмай қалған аруларымыз болды. «Қазақстанның І вице-аруы» атағын «Көкшетау аруы» Лаура Шамғұнова алса, «ІІ вице-ару» «Дефиле аруы» Вера Душина атанды. «Қарағанды аруы» Диана Кеңесоваға «ІІІ вице-ару» және «Ғаламтор аруы» атақтары қосылды. Ал Семей аруы Әлем Мақанбекова «ІV вице-ару» атанды.
«Мен қызым үшін қатты қуаныштымын. Көп қыздар жеңіске лайық болды. Қазылар алқасы Айдайды сыртқы параметрлері бойынша бағалады, алайда оның жан-дүниесі одан да сұлу. Мен қызымның жеңісіне сендім, және оның еңбекқорлығы жеңіске жетуіне көмектесті деп ойлаймын»,-деді «Қазақстан аруы-2013» байқауы жеңімпазының анасы Майя Маринова.
Дереккөз: bnews.kz