Атырау, 26 қараша 16:44
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бензин бағасы әкімдік бұйрығына бағына ма?

3 156 просмотра

Дүйсенбі күні облыстық әкімдікте жанар-жағармай бағаларына қатысты ахуал талқыға салынды. Әкімдікке жиналған бензин нарығына қатысушыларға бағаны ҚР Мұнай және газ министрлігі бекіткен шектеудегі деңгейде ұстап тұруға бұйрық берілді. Бұл ұзаққа барар ма екен?

- Сіздер бензиннің ұсынылған құнына қосылған әрбір артық теңге үшін жауап бересіздер, - деп сес көрсетті облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ.

Ал жанар-жағармайдың шектеулі бағалары былайша белгіленген: АИ 92-93 – литрі 99 теңге, АИ 80 – 82 теңге,  дизель отыны - 86 теңге. Әзірге, ахуалға бақылау жасап отырған облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының ақпараты бойынша, шикізат берушілер мен трейдерлер ұсынылған баға аясында сауда жасауда.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы бастығының орынбасары Жұмабек ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ айтуынша, қазіргі кезде жанар-жағармайдың ішкі нарығында облыс бойынша 4 компания: «Sinooil», «Петролеум Оперейтинг», «Гелиос» ЖШС (12 жанар-жағармай стансасы) және «ҚазМұнайГазӨнімдері» АҚ АФ (19 жанар-жағармай стансасы) жұмыс істейді екен. «Sinooil» мен «Петролиум Оперейтинг» АМӨЗ-ге мұнай шикізатын беруші және қатысушы-операторлар (облыс бойынша олар 14) үшін отын жеткізетін негізгі операторлар боп табылады.

Кеңесте аталып өткендей, операторлар мен әкімдік арасында меморандум жасалған. Соған сәйкес операторлар бағаны көтермеулері тиіс. Соңғы жаңалықтардан: «Sinooil» ЖШС «Атырау Мульти-Сервис LTD» ЖШС-нен Атыраудағы «Әнуарбек» жанар-жағармай стансаның торабын  сатып алмақшы.

Ж.Қуанышбаевтың мәліметтері бойынша, барлығы Атырау облысында 128 жанар-жағармай стансасы бар. Оның 34-і қазіргі кезде жұмыс істемейді, ал үшеуі (2-уі - «ҚМГ» компаниясының еншісінде, 1-уі – «Гелиостікі») жөндеуде тұр екен. Соңғы факт Мақат және Махамбет аудандарының әкімдерінің наразылықтарын тудырды. Олардың айтуларынша, осынау ірі жанар-жағармай стансалары іс жүзінде екі ауданға қызмет көрсетіп отыр деуге болады. Олардың тұрып қалуы көп қолайсыздықтар тудырады екен. Аталмыш тораптардың ресми өкілдері стансаларда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын түсіндірді.

Кеңесте барлық жанар-жағармай жеткізушілері бензиннің үзіліссіз жеткізіліп отырғандығын растады. Тек «Петролеум Оперейтинг» компаниясында мұнай кем жеткізілгендіктен сәуір-мамыр айларында дизель отыны тапшы боп қалған. Соның салдарынан ең алдымен жөнелтім ауыл шаруашылық өндірушілері мен теміржолға жеткізілетін болады. Ж.Қуанышбаевтың айтуынша, «Петролеум Оперейтинг» компаниясында соңғы кездері өнімді сатуға байланысты проблемалар туындаған. Тез жеткізілмейтіндіктен («Петролеум Оперейтингтің» бұл жақта филиалы жоқ) және отынды тиеу кезінде проблема туындайтындықтан тұтынушы осы жерде филиалы бар «ҚазМұнайГазӨнімдерінің» тауарларын алғанды жөн көреді. Ал «АМӨЗ» ЖШС директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ «Петролеум Оперейтинг» өнімдерінің 6-шы паркіндегі тауарлардың толып қалғандығына алаңдаушылық білдіріп, сату процедурасын жеңілдетуді ұсынды. Тапсырыстарды және төлемдерді рәсімдеудің ұзаққа созылуы салдарынан ең алдымен ауыл шаруашылық өндірушілері зардап шегеді екен. Т.Байтазиев өз резервтерін түсіру үшін қатысушы-операторларға жанармайды әкімдік пен банктердің ортақ кепілдемесімен босатуды ұсынды. Ол сондай-ақ, АМӨЗ-гі жөндеу жұмыстары аяқталғандығын және зауыттың толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұрғандығын хабарлады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

19 мамыр 2011, 00:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.