"Ұлымның ешбір жазығы жоқ". "Жасыл Аймақ" мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Жұматай Сүйіндіков осылайша перзентінің кінәсін жоққа шығарды.
Оның ұлы топтасып қыз зорлауға қатысы бар деген айыппен бірнеше жылға сотталған болатын. Айғақ ретінде ұсынылған сараптама нәтижелері қолдан жасалған деп күдіктенген айыпкердің әкесі, қайта сараптама жасатып, сотқа шағым түсірді.
"Мен қосымша экспертиза жасаттым. Олар алдыңғы экспертизаны 4-5 күнде жасап шығарған болатын. Қалай бұл? 10-20% дегендерінің бәрі өтірік. Мына қолымдағы экспертизаны жасатуға 2 айдай уақыт өтті. Білікті мамандар жасады бұны", - дейді "Жасыл аймақ" РМК бас директоры, айыпталушы М.Сүйіндіковтің әкесі Жұматай Сүйіндіков.
Жұматай Сүйіндіков сондай-ақ жәбірленген азаматшаның істі тоқтату үшін қомақты ақша талап еткенін айтады. Кейіннен айыпталушы тарап өзара келісімге келеміз деп оған жеңіл көлік пен ақшалай өтемақы беріпті. Алайда бұған қарамастан жәбірленуші тарап құқық қорғау органдарына берген арызды қайтарып алмаған.
"Сороковка автотранспорт, сосын он мың доллар. Бәрі өздерінде қалды", - дейді "Жасыл аймақ" РМК бас директоры, айыпталушы М.Сүйіндіковтің әкесі Жұматай Сүйіндіков.
Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың бірінші сәуірінде кәсіпорын директорының ұлы мен оның досы өз танысын айуандықпен зорлады деген айыппен қамауға алынған-ды. Айыпталушылар - Мұрат Сүйіндіков пен Мұрат Түсіпов- биыл сәуір айында алты жарым және сегіз жылға сотталған болатын.