Бүгінде Қазақстанның Ақтау теңіз кемежайын шетелдік компанияның басқаруына беру мәселелері қаралып жатыр. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар ұлттық агентігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қарманов хабарлады.
«Бүгінде Қазақстанның Ақтау теңіз кемежайына өз қызығушылығын испаниялық компания білдіріп отыр. Тіпті, олар арнайы делегация жіберіп, осы мәселені жан-жақты зерттеуде. Бұдан басқа, аталмыш кемежайға түріктердің де қызығушылығы артуда. Сондай-ақ, «Хоргос» құрғақ жүк портын басқару жұмыстарын арабиялық компания өз мойнына алуға дайын», - деді сөз басында Қайрат Қарманов.
Оның айтуынша, шетелдік компаниялар теңіз кемежайын басқарып қана қоймай, өз қаражаттарын да оның одан әрі өркендеуіне жұмсамақ.
«Егер шетелдік компания теңіз портын басқаратын болса, мұнда менеджмент жоғары дәрежеде болады деген үміт бар. Себебі, отандық компаниялардың бұл салада тәжірибесі жоқ, әрі оларға үйренуге біраз уақыт керек», - деп Қ.Қарманов өз сөзін толықтырды.
«Айта кетерлік жайт, бұл да инвестицияның бір түрі. Инвестиция тарту дегеніміз - ол тек шетелдік қомпаниялардың есебінен зауыт фабрикаларды салу дегенді ғана білдірмейді. Сонымен қатар, ол, еліміздегі болашағы зор нысандарды, солардың басқаруына беру арқылы олардың жұмыс процесін оңтайландыру және одан әрі дамыту», - деді сөз соңында Қ.Қарманов.
Дереккөз: baq.kz