Ақтөбедегі жекеменшік бала-бақшалардың бірінде бүлдіршіндердің басы жаппай биттеп кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұған ата-аналар мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерін кінәлап отыр. Ең сорақысы, балабақша соттың шешімімен осыдан 2 ай бұрын жабылыпты. Бірақ бұған құлақ аспай жасырын түрде қызметін жалғастыра берген.
Ақтөбелік ата-аналарбаламызды бағып береді деген мына балабақшадан қазір жеріп жүр. Себебі сеніп тапсырған бөбектерінің басы биттеп кеткен. Паразиттің шаш арасына қалай түскенін ешкім түсіндіре алар емес. Бір аурудың белгісі болар деп шошыған ата-ана бірден СЭС-ке шағымданыпты. Ал ол жақтан мектепке дейінгі мекеменің жұмысы соттың шешімімен екі ай бұрын тоқтатылғанын естіп, тіпті аңтарылып қалды.
"Баламның басына бит тіпті ұялап тастапты. Жалғыз менің емес, барлық балаға жұққан. СЭС-тегілерден балабақшаның жабылғанын естіп таң қалдық. Себебі біз ол туралы мүлдем білген жоқпыз",- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Айгүл Масинова.
Санитар мамандар балабақшаның жасырын жұмыс істеп жатқанын облыстық ауруханадағы әріптестерінен естіген. Себебі емдеу мекемесіне сол балабақшаға барып жүрген бір бүлдіршін жұқпалы дертпен түсіпті. Дереу тексеруге кіріскен олар биттен өзге, балаларға берілетін тамақтан да қауіпті таяқша тапқан.
"Бұл балабақшаның санитарлық қызметпен келіспей жұмыс істеп жатқаны және де алынған жұғындылар мен тамақтардың санитарлық талапқа сай келмей, одан адам ағзасына қауіпті стафилакок таяқшасы табылып, сотқа жіберіліп, жұмысын тоқтату туралы соттың шешімі шықты",- дейді Ақтөбе облыстық санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау депратаментінің бас маманы Гүлшат Құрбанғалиева.
Құзырлы мекемелерге шағымданған ата-аналардан балабақша меңгерушісі қазір қашып жүр. Тіпті алдын-ала төлеп қойған ақшаларын да қайтарып бермей сергелдеңге салған.
Жалпы бір жылдың ішінде Ақтөбеде 22 жасырын балабақша анықталған. Саңырауқұлақша қаптаған мектепке дейінгі мекемелермен күресуге білім басқармасы қауқарсыз. Себебі балабақша ашу үшін лицензия алудың еш қажеті жоқ. Сондықтан "заңға өзгеріс енгізу керек",- дейді шенеуніктер.
Дереккөз: КТК арнасы