Енді отандық әуе компанияларының борт қызметкерлері қазақша сұрақ қойған жолаушыға тек қазақ тілінде жауап беретін болады.
Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, стюардтер мен стюардессалар өзге ұлт өкілінен болса да, қазақша сұрақ қойған жолаушыға шама-шарқына қарай қазақ тілінде жауап қайтаруы тиіс.
"Қазақ тілін аз болса да білу керек. Сондықтан мысалы бір жолаушы қазақша бір сұрақты берсе, қалай болса қиналса да, қазақша жауап берсе дұрыс болады. Соны осындай мәселені біз компанияға беріп жатырмыз. Істеңдер деп. Жыл сайын осы қазақ тілін білу көтерілу керек", - дейді "Самұрық-қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов.
Нұржан Байдәулетовтің айтуынша, жолаушылар арасында қызмет көрсетушілерге әлімжеттік жасап, ұшақ ішінде шылым шегетін, тіпті пилоттың кабинасына кіруге әрекеттенетіндері де кездеседі екен.
"Ұшақтардың уақытынан кешігіп ұшуына көбіне осындай жағдайлар себепші болады", - деді ол. Сондай-ақ Нұржан Байдәулетов алдағы бір-екі жылда әуе билеттерінің бағасы қымбаттамайтындығын атап өтті.
Дереккөз: 7 арна