Жаңаөзенде астан улану салдарынан екі жұмысшы қайтыс болды. Әзірге улану себептері жайлы нақты айтылмайды.
Жаңаөзендегі "Кезби" компаниясының екі жұмысшысы уланып қайтыс болып, 26 жұмысшы Жаңаөзен және Ақтау ауруханаларына түскен.
Оқиға 25 қарашада болған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті бұл туралы 28 қарашада ресми ақпарат таратты. Жаңаөзен қалалық прокуратурасы Азаттық тілшісіне бұл туралы жауап беруден бас тартты.
"Кезби" мекемесі "Өзенмұнайгаз" АҚ мұнай ұңғымаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Осы компанияның өкілі Ербол Кезбаев Азаттыққа улану оқиғасының болғанын растады.
"Уланудың себебі анықталып жатыр. Оны ресми орындар айтсын", - деді ол.
Қазір денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Жаңаөзенде жүр. Маңғыстау облыстық санитарлық -эпидемиология бақылау департаментінің бастығы Марал Қадырдың мәлімдеуінше "кәсіпорында тексеру жұмыстары жүріп жатыр".
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінде адамдардың "белгісіз этиологиядан улану" диагнозымен ауруханаға түскені айтылады
Ресми мәліметке қарағанда, 25 қараша күні Жаңаөзен қалалық ауруханасына аталған компанияның Самат Бектаев есімді жұмысшысы "белгісіз этилогиямен тамақтан токсикоинфекциялық улану" диагнозымен түсіп қайтыс болған. Екінші қайтыс болған адамның аты-жөні әзірге аталмайды.
Ол туралы "27 қарашада белгісіз этилогиямен комада көз жұмған" деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Бүгін Жаңаөзен қалалық ауруханасына тағы 5 адам түскен.
"Қазір Маңғыстау облыстық ауруханасында 19 адам, Жаңаөзен қалалық ауруханасында 7 адам уланумен жатыр" деп хабарлайды Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі. Оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылған. Астана, Алматы, Ақтөбеден дәрігерлер шақырылған. Азаттық тілшісі оқиға барысы жайында алда тағы да хабарлайтын болады.