Алматыда үш базардың өртенуіне қатысты өрт қою оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы "Алматы қаласында "Құлагер", "Арал" және "Еуразия" базарларында шыққан өртті тергеу туралы" тақырыбында өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 17 қарашасында Алматы қаласында Солтүстік айналма жол көшесінде орналасқан "Құлагер", "Арал" және "Еуразия" базарларында от қою салдарынан үлкен өрт орын алған болатын.
"Үстіміздегі жылдың 20 қарашасында аталған оқиға бойынша қалалық ІІД ҚР ҚК 187-бабының 2-тармағына сәйкес ("Әдейі өртеу жолымен өзгенің мүлкін қасақана құрту немесе бүлдіру") қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдарының тергеуіне берілді", - деді Владимир Беккер.
Ол сондай-ақ базардың электр сымдарының жағдайы өрттің шығуына себеп болмағаны анықталғанын атап өтті. Оған қоса сынақ зертханасының мамандары жүргізген тексеру нәтижесі бойынша "Құлагер" базарында бірнеше жерден өрт шыққаны белгілі болды. Экспресс-талдау жүргізу жолымен өрт шыққан орындарда көп мөлшерде тез жанатын жанар-жағармай сұйықтықтары табылғаны анықталды.
Дереккөз: bnews.kz