Атырау, 24 қараша 14:05
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Болашақ» бағдарламасына iрiктеу талаптары күшейтіледі – БҒМ

1 780 просмотра
«Болашақ» бағдарламасына iрiктеу талаптары күшейтіледі. Бұл жөнiнде бүгiн ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi. 

 «Болашақ» бағдарламасының әкiмшiсi ретiнде бiзге аталған бағдарламаны жетiлдiру жолдарын әзiрлеу бойынша нақты тапсырмалар берiлдi.«Болашақ» бағдарламасы адам капиталын дамыту саласындағы елдiң озық жобасы болып қалуы үшiн не iстеу керек? Ең алдымен, саннан бұрын сапаға мән беру қажет. Яғни, стипендиаттар мен түлектердi iрiктеу процесiн қатаңдатуды қамтамасыз ету тиiс. Бүгiнгi күнi елiмiзде бағдарламаға iрiктеудiң 4 кезеңi бар: бiрiншiсi – ағылшын және өзге де шет тiлдерiн бiлу; екiншiсi – қазақ тiлiн бiлу; үшiншiсi – психологиялық тестiлеу; төртiншiсi – бұл барлық меморган, ЖОО, ұлттық институттардың тәуелсiз сарапшыларымен өтетiн тәуелсiз сарапшылық комиссия. Барлық конкурстық процестердi қатаңдату мақсатында қайта қарастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, магистрлер мен докторанттарды дайындауға үлкен көңiл бөлiнбек. Себебi, елге ғылыми-инновациялық кадрлар қажет. Осы мақсатта елдегi үздiк ЖОО-лармен бiрлескен бағдарламалар арқылы PhD-докторанттарын дайындап шығаруға ден қойылмақ», - дедi Ғ.Нығыметов.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша iрiктелетiн ЖОО-лардың тiзiмi де қайта қарастырылмақ.

«Ұлыбританияның кейбiр жоғары оқу орындары бiздiң түлектер үшiн белгiлі бiр талаптарды жеңiлдететінi туралы сын айтылуда. Бiз осыны қайта қарастырып, расында да сапалы бiлiм беретiн ЖОО-ларды ғана тiзiмде қалдыруды көздеп отырмыз. Әрi десе, бүгiнгi күнi елiмiзде бәсекеге қабiлеттi мамандарды дайындай алатын Назарбаев университетi бар екенiн ұмытпаған жөн», - дедi «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті.

Дереккөз: BNews.kz

25 қараша 2013, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.