Атырау, 24 қараша 13:27
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Таразда қандықол қарақшы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді

4 610 просмотра
Кісі өлтіріп, қарақшылық жасап, адам зорлаған қылмыскерге қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Бір үйдің жалғыз баласы 24 жастағы Ержан Топашев сырт көзге тәрбиелі жігіт болып көрінгенмен, екі жыл бойы Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылының тұрғындарын қорқынышта ұстаған.

«Қылмыскер ішіп алса, көзі қанталап, қарттардың үйіне, балаларға шабуыл жасап отырған, - деді облыстық соттың баспасөз қызметінен. - Әдеті бойынша, жігіт аула алдындағы қолға түскен заттарды лақтырып, электр есептеуішті жұлып алып, үйдің есігін сындырып кіреді екен де алдында тұрған мейлі ол бала болсын, мейлі қарт болсын, тап беріп, тепкіге жығатын болған. Тергеу барысында анықталғандай, қылмыскер екі қартты өлтіріп, екі әйелді жарымжан қылып қойған».

Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК 17-бабы бойынша оны айыпты деп таныды.

Сот-психиатриялық сараптама бойынша, қылмыскердің ақыл-есі дұрыс болып шықты.

Сот барысында Топашев Е. өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда жапа шегушілердің қылмыскерді тануы, қылмыстық, биологиялық және молекулярлық-генетикалық сараптамалар сынды анық айғақтардың арқасында оның қылмысы дәлелденді.

Айыпталушы жасаған ісіне ешқандай өкініш білдірмегеніне қарап, сот мұндай адам ұзақ мерзім қамалып, артынан шыққанан кейін де қоғамға қауіп тудыруы мүмкін деп оған өмір бойына бас бостандығын айыру жазасын кесті.

Дереккөз: ҚазАқпарат

22 қараша 2013, 10:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.