Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде шағын футболдан УЕФА кубогының элиталық кезеңіндегі «С» тобындағы командалардың сайысын қазақстандық қос команда да сәтті бастады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кешегі алғашқы ойында Әміржан Мұқанов жаттықтыратын Қарағандының «Тұлпары» босниялықтардың «Тангосын» 8:3 есебімен ұтқан болатын.
Одан кейін ойнаған Алматының «Қайраты» да белорустардың «ВитЭнін» 9:0 есебімен ойсырата жеңді.
Бүгін «Тұлпар» мен «ВитЭн», «Қайрат» пен «Танго» өзара жұп құрамақ. Ал жексенбі күні ақтық сында қазақстандық қос клуб пен Беларусь пен Босния өзара күш сынасады. Онда үздік шыққан аяқдопшылар УЕФА кубогының келесі кезеңіне жолдама алады.
Жалпы УЕФА кубогының элиталық кезеңінде тұңғыш рет Қазақстаннан екі команда қатысып отыр. Бұған дейін бұл додада ел намысын қорғау мәртебесін тек «Қайрат» қана иеленіп келген еді. Рикардо Камаро Собралдың (Какау) бапкерлігімен биыл УЕФА кубогының жеңімпазы атанған алматылықтар өзіне жүктелген міндетті оған дейін де абыроймен сәтті қорғап келген болатын. Егер «төрттіктің кездесуінде» де бағы жанып, келесі жылы өз атағын қорғап қалатын болса, бұл бүкіл әлем үшін үлкен сенсация болмақ.
Дереккөз: ҚазАқпарат