
Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Астана – Тараз бағыты бойынша ұшып бара жатқан ұшақ бортында кенеттен өзін жайсыз сезінген Ресейдің 38 жастағы азаматына медициналық көмек көрсетті.
Sputnik Қазақстан басылымының Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлауынша, ұшу кезінде әйелдің әлсіздігі мен жүрек айнуы байқалып, қан қысымы көтерілген және тыныс алуы қиындаған.
Ұшақ бортында Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов болған. Ол жолаушының жағдайын бағалап, қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық көмек көрсетті. Осыдан кейін әйелдің жағдайы жақсарған.
Айта кетейік, бұл Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі басшылығы өкілдерінің осындай жағдайға тап болуы бірінші рет емес.
2025 жылдың қарашасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да Астанадан Алматыға бағыт алған ұшақтың жолаушысына медициналық көмек көрсеткен. Ол кезде қыз баланың қан қысымы күрт көтеріліп, гипертониялық криз болған.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желінің кейбір қолданушылары министрді көзбояушылық пиар жасады деп күдіктенген. Алайда Әлназарова мұндай болжамдарды жоққа шығарып, өзінің кәсіби міндетін орындағанын атап өтті.
В Атырау +1.9