
Қазақстанда 18 қарашадан бастап автокөліктерге қатысты кепілді тіркеу, оның шарттарын өзгерту және тоқтату тәртібінің жаңа қағидалары күшіне енеді. Тиісті бұйрықты Ішкі істер министрлігі бекітті. Бұған дейін бұл рәсім жылжымалы мүлік кепілі туралы жалпы заңмен реттеліп келсе, енді көлік құралдарына қатысты жеке тәртіп белгіленді.
Өтінішті қайда және қалай беру керек?
Бұған дейін кепілді тіркеу немесе оны алып тастау үшін полицияға тікелей қағаз түрінде өтініш беру қажет болатын. Бұл ретте кейбір банктер өтініштерді өздерінің мобильді қосымшалары арқылы қабылдап келген.
Не өзгереді: кепілді тіркеу және оны алып тастау туралы өтініштерді беру толығымен электрондық форматқа көшіріледі. Ол банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Банк мәліметтерді полицияға өзі жолдайды, содан кейін тиісті жазба тізілімге енгізіледі. Полицияға қағаз түрінде өтініш беру мүмкіндігі тек бір жағдайда – қолданыстағы кепіл шарттарына өзгерістерді тіркеу қажет болғанда ғана сақталады.
Кредит өтелгеннен кейін кепілді қалай алып тастауға болады?
Бұған дейін өтініш электрондық түрде берілген жағдайда көлік иесінен кредиттің толық өтелгенін растайтын банктің жеке құжаты талап етілетін.
Не өзгереді: қарыз алушы мен банк екі электрондық қолтаңба арқылы бірлескен өтінішке қол қоя алады.
Банк өтінішті өз бетінше беру құқығына да ие болады. Егер тараптардың келісімі бойынша бұл рәсімді банк жүзеге асырса, ол кредит толық өтелгеннен кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей құжаттарды жіберуге міндетті.
Полиция банк өтінішін ол берілген күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде қарап, жауабын банк жүйесіне жолдауы тиіс.
Құжаттардан қате табылса
Бұған дейін өтініштегі кез келген қате немесе дәлсіздік кепілді тіркеуден бас тартуға автоматты түрде негіз болатын.
Не өзгереді: өтініште немесе оған қоса берілген құжаттарда қате не мәліметтердің жетіспейтіні анықталса, өтініш берушіге оны түзету үшін бір жұмыс күні беріледі. Егер осы мерзімде кемшіліктер жойылса, өтініштің бастапқы берілген күні сақталады.
Тіркелген кепілдегі қатені қалай түзетуге болады?
Жаңа қағидалар күшіне енгенге дейін қателерді, мысалы, автокөлік туралы мәліметтердегі дәлсіздіктерді, тізілімге және куәлікке қосымша жазба енгізу арқылы түзететін.
Не өзгереді: егер кепіл туралы жазбада, мысалы, VIN-код қате көрсетілсе, оны түзету үшін банк кепіл ұстаушы ретінде көрсетілген жағдайда оның келісімі қажет болады. Полиция тіркеу нөмірі мен барлық операциялар тарихын сақтай отырып, қолданыстағы жазбаның өзін түзетеді. Осыдан кейін жаңа куәлік беріледі.
Сатып алушыларға арналған жадынама: мәміле алдында автокөлікті қалай тексеруге болады?
Қолдан автокөлік сатып алмас бұрын заңгерлер мен мемлекеттік органдар көліктің кепілде немесе қамауда тұрмағанына міндетті түрде көз жеткізуге кеңес береді. Мұны екі жолмен тексеруге болады:
eGov Mobile арқылы тегін. Қосымшада «Қызметтер» – «Жүргізу және көлік» – «Автокөлікті иелену тарихы» бөліміне өту қажет. Тексеру үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірі керек. Сервис кепілдер мен басқа да ауыртпалықтар туралы өзекті мәліметтерді көрсетеді.
«ХҚКО» қосымшасында VIN-код арқылы. «Автокөлік тарихы» бөлімінде кепілдер мен қамаулар туралы ақылы есеп алуға болады. Тексеруді бастамас бұрын көлік шанағындағы VIN-кодтың техникалық паспортта көрсетілген нөмірмен сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
Маңызды: Егер сатушы кредитті жаңа ғана толық өтегенін айтса, одан кепілдің тіркеуден алынғаны туралы хабарламаны және берешектің өтелгенін растайтын банк анықтамасын көрсетуді сұраңыз. Алайда мемлекеттік дерекқорларда көлік әлі де кепілде деп көрсетілсе, тізілімдегі мәліметтер толық жаңарғанша, яғни 3–4 күнге дейін мәмілені кейінге қалдырған қауіпсіз.
В Атырау +1.9