
Қазақстандықтар күнтізбелік жыл ішінде бір рет өздерінің кредиттік тарихын тегін тексере алады. Мұны ешқашан несие алмаған азаматтарға да жасаған пайдалы. Себебі тексеру арқылы алаяқтар рәсімдеген кредиттерді, банктер жіберген қателерді және адам өзі білмеуі мүмкін басқа да қаржылық міндеттемелерді дер кезінде анықтауға болады.
Кредиттік есепті тегін алу құқығы «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» ҚР Заңының 21-бабында бекітілген.
Кредиттік тарихтан қандай ақпарат алуға болады?
Дербес кредиттік есепте қолданыстағы және өтелген кредиттер, берешек сомалары, мерзімі өткен төлемдер, сондай-ақ қарыз алушының банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерін орындауы туралы мәліметтер қамтылады.
Кредиттік тарихты тұрақты түрде тексеру мыналарға мүмкіндік береді:
өзіңіз рәсімдемеген кредитті анықтау;
өтелген қарыздың шынымен жабылғанына көз жеткізу;
мерзімі өткен төлемдер туралы қате мәліметтерді анықтау;
қолданыстағы кредиттік міндеттемелердің бар-жоғын тексеру;
банкке жүгінер алдында кредиттік тарихыңыздың жай-күйін бағалау.
Кредиттік есепті қалай тегін алуға болады?
Ең оңай жолы – Бірінші кредиттік бюроның қызметтерін пайдалану.
1cb.kz ресми сайтына кіріңіз немесе 1CB.kz мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз.
Жеке кабинетте тіркеліңіз немесе жүйеге кіріңіз.
«Дербес кредиттік есеп» қызметін таңдаңыз.
Толық дербес кредиттік есепке (ТДКЕ) сұрау жіберіңіз.
Жеке басыңызды растау рәсімінен өтіп, құжатты алыңыз.
Күнтізбелік жыл ішіндегі алғашқы толық кредиттік есеп тегін беріледі. Одан кейінгі есептердің құны – 414 теңге.
Кредиттік тарихты Мемлекеттік кредиттік бюро, Бірінші кредиттік бюроның кеңсесі, ХҚКО және «Қазпошта» бөлімшелері арқылы да алуға болады.
Маңызды жайт: eGov.kz порталында дербес кредиттік есеп алу қызметінің құны – 414 теңге. Сондықтан кредиттік тарихты тегін тексеру үшін тікелей Бірінші кредиттік бюроның қызметін пайдаланған ыңғайлы.
Бөтен адамның кредиті анықталса, не істеу керек?
Егер кредиттік тарихыңыздан өзіңіз рәсімдемеген қарыз анықталса, кредит берген банкке немесе микроқаржы ұйымына дереу хабарласып, полицияға арыз беру қажет.
Есепте қате мәліметтер, мысалы, өтелген кредиттің әлі де қолданыста тұрғаны көрсетілсе, кредиторға жүгіну немесе кредиттік тарихтағы ақпаратқа дау айту қызметін пайдалану керек.
Бұл ретте мерзімі өткен төлемдер туралы шынайы мәліметтерді өз қалауыңыз бойынша өшіру мүмкін емес. Ақшаға кредиттік тарихты «тазалап береміз» деп уәде ететін делдалдардың ұсыныстарына сақтықпен қараған жөн.
Алаяқтардан қосымша қорғану үшін қазақстандықтар eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі «Стоп-кредит» тегін қызметін қоса алады.
Пайдалы кеңес: тегін кредиттік есеп әр 12 ай сайын емес, дәл күнтізбелік жыл ішінде бір рет беріледі. Егер 2026 жылы кредиттік тарихыңызды әлі тексермеген болсаңыз, оны желтоқсанның соңына дейін жасауға болады. Ал қаңтарда, 2027 жылы, тегін тексеру құқығын қайта пайдалана аласыз.
В Атырау +1.9