Атырау, 13 қараша 10:42
 дождьВ Атырау +1.9
$ 443.62
€ 492.24
₽ 5.36

Павлодар шенеунігі қызметкеріне қысым жасады: тәртіптік тексеріс басталды

29 рет қаралды
Арман Омаров / фото irbistv.kz
Арман Омаров / фото irbistv.kz

Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арман Омаров қол астындағы қызметкермен сөйлескеннен кейін тәртіптік тексерістің нысанасына айналды. Шенеунік қызметкеріне жұмыстан шығуды бірнеше рет ұсынып, әдеп кеңесінде оның әрекетіне қатысты мәселе қаралуына себеп болған сөздер айтқан.

«Ирбис» телеарнасының хабарлауынша, қызметкер Мемлекеттік қызмет істері департаментіне шағым түсіріп, басшысымен болған әңгіменің аудиожазбасын ұсынған.

«Әсем, айтыңызшы, сізді мұнда не ұстап тұр?», «Неге осында жабысып алдыңыз? Миымды ашытпай...», «Сізге ұнамай ма? Онда кете беріңіз, мұнда неге миымды ашытасыз?» – тәртіптік іс материалдарында шенеуніктің осындай сөздері келтірілген.

Дауысты көтеру немесе бейәдеп сөздер қолдану фактісі болмаса да, басшының әрекеті әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шығарылды.

Омаров жанжалдың өзіне дейінгі себептері болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қызметкер хаттамада тіркелген тапсырманы әдейі орындамаған. Бұдан бөлек, оның үстінен ұжымдық шағым түскен көрінеді. Сондай-ақ жұмыс чатында әріптестері мен басшысына қатысты бейәдеп сөздер айтқан.

«Тіпті менің өлімім туралы да әңгімелер болды», – деді құрылыс бөлімінің басшысы.

Арман Омаров өз кінәсін мойындады. Сонымен қатар әдеп жөніндегі кеңес мүшелері құрылыс бөліміндегі ұжымның жалпы ахуалына алаңдаушылық білдіріп, Павлодар қаласы әкімінің аппаратына қалыптасқан жағдайға назар аударуды ұсынды.

Тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша әдеп жөніндегі кеңес шенеунікке ескерту жасаумен шектелуді ұсынды.

Бүгін, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.