
Қазақстанның әлеуметтік желілер сегментінде әскери ант қабылдау рәсімі кезінде сарбаздың жағдайы нашарлағаны түсірілген бейнежазба қайтадан таралуда. Jaq.Ortcom Дезинформацияға қарсы күрес орталығының мәліметінше, оқиға 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған.
Сол кезде Қорғаныс министрлігі болған жағдайды әскери қызметшінің қатты қобалжуымен түсіндірген.
«*Сарбаздың денсаулығының нашарлауы қатты қобалжуына байланысты болды. Оның денсаулығына қауіп төнген жоқ. Медициналық көмек уақытылы әрі толық көлемде көрсетілді», – деп түсіндірді қорғаныс ведомствосы.
Дезинформацияға қарсы күрес орталығының мәліметінше, әскери қызметші кейіннен мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін толық өтеп, запасқа шығарылған.
Орталықта архивтік кадрларды оқиғаның күні мен мән-жайын көрсетпей тарату қолданушыларды жаңылыстырып, қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудыруы мүмкін екені атап өтілді.
Сондай-ақ блогерлер мен жаңалықтар пабликтерінің әкімшілеріне жалған ақпаратты қасақана тарату заңдық салдарға әкеп соғуы мүмкін екені ескертілді.
Бұл ретте бейнежазбаның өзі түпнұсқа екені расталды. Әңгіме кадрларды қолдан жасау туралы емес, оларды қазіргі жағдайды ескермей тарату туралы болып отыр.
В Атырау +1.9