
Қазақстанда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарына цифрлық бақылау енгізілді. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрындағы (ЖМБМК) жаңа функция стратегиялық құбырлар өтетін аумақтардан жер учаскелерін бөлуге және құрылыс жұмыстарын келісуге жол бермейді.
Енді жер учаскелерін беру туралы өтінімдерді қарау немесе құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде жүйе күзет аймақтарының шекаралары мен инфрақұрылым нысандарына дейінгі ең аз рұқсат етілген қашықтықты автоматты түрде көрсетеді. Бұл әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға қолданыстағы шектеулерді алдын ала анықтап, құбырларға жақын аумақтарда қауіпті әрі заңсыз құрылыс жүргізудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Кадастр базасына мына нысандар бойынша деректер енгізілді:
«ҚазТрансОйл» АҚ (компания жобаны іске қосу бойынша алғашқы пилоттық алаң болды);
«Қазақстан-Қытай Құбыры» АҚ;
«МұнайТас» СЗТК» ЖШС;
«Магистральдық су құбыры» жүйелері (оның ішінде су сорғы және мұнай айдау станциялары).
Энергетика министрлігінің мәліметінше, деректерді цифрландыру апаттар мен құбырлардың зақымдану қаупін азайтуға көмектеседі. Жоба ведомство алаңында Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен әзірленді. Жұмысқа сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, әкімдіктер, «Азаматтарға арналған үкімет», «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, «Қазгеодезия» және Kazenergy қауымдастығы қатысты.
В Атырау +1.9