
Ақтауда жекеменшік Tulpar School мектебінің бұрынғы қызметкері техникалық персоналмен болған жанжалдан кейін ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалады. Бұған дейін осы оқиғаға байланысты әйел оқу орнынан жұмыстан босатылған.
Сот анықтағандай, жанжал мектеп-лицейдің екінші қабатындағы дәлізде тазалық жұмыстары кезінде болған. Ашуға булыққан әйел еден жуушының шелегін әдейі аяғымен теуіп, аударып жіберген. Содан кейін жұмысшыны балағаттай бастаған.
«Азаматша Ю. мектеп-лицейдің екінші қабатында, яғни жәбірленуші Б. тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан қоғамдық орында шелекті қасақана аяғымен теуіп, оны аударып жіберген. Бұдан кейін қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттерін жалғастырып, жәбірленушіні балағаттаған. Осылайша, ұсақ бұзақылық жасаған», — делінген сот материалдарында.
Сот отырысында мектептің бұрынғы қызметкері өз кінәсін ішінара мойындады. Ол эмоцияға беріліп, шелекті шынымен тепкенін растағанымен, техникалық қызметкерге қатысты былапыт сөздер айтпағанын алға тартты.
Соған қарамастан, сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
В Атырау +5.4