
NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг тағы бір махаббат дауының ортасында қалды. The New York Times басылымының хабарлауынша, миллиардердің компанияның денсаулық сақтау саласына жауапты вице-президенті Кимберли Пауэллмен некеден тыс қарым-қатынаста болуы мүмкін.
Басылым бес дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, 63 жастағы Хуанг пен 48 жастағы Пауэллді 2026 жылдың наурыз айында NVIDIA-ның жыл сайынғы конференциясы кезінде Сан-Хоседегі қонақүйлердің бірінде бірге көрген. Куәгерлердің бірі болған жайтты ұялы телефонына түсіріп алған көрінеді. Осыдан кейін миллиардердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері одан ақпаратты жария етпеу туралы келісімге қол қоюды сұраған. Пауэлл 2008 жылдан бері NVIDIA компаниясында жұмыс істейді және жасанды интеллектіні медицина мен фармацевтика саласына енгізуге жауапты.
Жаңа айыптаулар Хуангтың Қытай кәсіпкері Элис Хуангпен қарым-қатынасына қатысты жанжалдан бірнеше күн өткен соң пайда болды. АҚШ арнайы қызметтері оны Қытай барлау қызметіне жұмыс істейді деп күдіктенеді. 8 қарашада NVIDIA басшысы жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, отбасы мен компания қызметкерлерінен кешірім сұрады. Корпорацияның директорлар кеңесі миллиардердің әрекеттері корпоративтік құпиялар мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін бе деген мәселені анықтау үшін тәуелсіз тергеу бастады.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, жаңа әшкерелеулер аясында NVIDIA директорлар кеңесі Хуангты қызметінен босату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Технологиялық алпауыттың акциялары биржадан тыс саудада шамамен 8 пайызға арзандады. Ал Reuters агенттігінің дерегінше, жанжал басталғалы бері компанияның нарықтық капиталдандыруы шамамен 600 млрд долларға қысқарған. 1993 жылы NVIDIA компаниясының негізін қалаған Хуангтың ықтимал отставкасы әлемдік технология индустриясындағы ең ірі кадрлық өзгерістердің бірі болуы мүмкін.
Екінші қарым-қатынас туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Пауэлл журналистердің сауалына жауап бермеген, ал NVIDIA компаниясы түсініктеме беруден бас тартты.
В Атырау +4.1