Атырау, 12 қараша 14:40
 дождьВ Атырау +4.1
$ 444.76
€ 495.37
₽ 5.37

Ғылымға бөлінген 945 млн теңге қайда кетті? Алматыдағы ірі алаяқтық ісі

33 рет қаралды

Алматыда ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға Ғылым қорынан бөлінген 945 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген «Bal halal» ЖШС директорының үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Компания инновациялық макарон өнімдері мен байытылған ұн өндіру үшін бір миллиард теңгеден астам қаражат алған. Алайда тергеу анықтағандай, сатып алынған жабдықтар жобаларда көзделген өнімді шығаруға жарамсыз болып шыққан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС төрт ғылыми жоба аясында жалпы сомасы 1,15 млрд теңге қаржыландыру алған. Қаражат жабдықтар, шикізат пен қосалқы бөлшектер сатып алуға, өндірістік үй-жайларды дайындауға, монтаждау және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ дайын өнім шығаруды ұйымдастыруға арналды. Алайда тергеу эксперименттері сатып алынған жабдықтардың мәлімделген инновациялық өнімдерді өндіруге мүмкіндік бермейтінін көрсетті.

ҚМА нұсқасы бойынша, мемлекеттік қаражатты шығару үшін үлестес тұлғалардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдықтар мен басқа да қызметтерге ақы төлеу деген желеумен компанияның шоттарына 736,4 млн теңге аударылған. Болжамды схемаға «Фабрика рекламы Шымкент» ЖШС, «Jana tan» ЖШС және «Sisters Brand KZ» ЖК де қатысқан.

Тергеу мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылауға тиіс мониторингтік топтардың жұмысына да ерекше назар аударды. ҚМА анықтағандай, мониторинг актілері өндірістік нысандарға іс жүзінде бармай және орындалған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлерінің өздері дайындаған. Кейін мониторингтік топ мүшелері оларға қол қойып, ғылыми жобалардың іске асырылуына тиісті бақылау жүргізіліп жатқандай көрініс қалыптастырған.

Сонымен қатар тергеу деректеріне сәйкес, күдікті қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін 88,5 млн теңгені өз компаниясының банк шоттарына салып, оны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан жеке қаражаты ретінде көрсеткен.

ҚМА бағалауынша, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгені немесе бөлінген қаржының шамамен 82%-ын құраған. Компания директоры қамауға алынды. Сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында бес жер учаскесі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар.

Тергеу аяқталды. Күдіктінің кінәлі екендігін сот анықтайды.


Бүгін, 14:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.