Атырау, 12 қараша 14:40
 дождьВ Атырау +4.1
$ 444.76
€ 495.37
₽ 5.37

Air Astana-ның шығыны артты: Халықаралық рейстерге басымдық беріледі

49 рет қаралды

Құрамына FlyArystan бюджеттік әуе тасымалдаушысы кіретін Air Astana компаниялар тобы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айын 2,7 млн доллар таза шығынмен аяқтады. Ал өткен жылдың осы кезеңінде компания 31,2 млн доллар таза пайда тапқан болатын. Сонымен қатар әуе тасымалдаушының түсімі мен өзге де кірістері шамамен 18%-ға өсіп, 1,29 млрд долларға жетті.

12 қарашада жарияланған Air Astana компаниясының қаржылық есебіне сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында топ құрамындағы әуе компаниялары 7,44 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға аз. Жолаушылар ағынының қысқарғанына қарамастан, түсім 17,9%-ға өскен. Алайда бір жолаушыға шаққандағы шығындар кірістің өсу қарқынынан жылдам артқан: тиісінше 21,3% және 15,9%.

Үшінші тоқсанда қаржылық көрсеткіштер біршама жақсарған. Түсім мен өзге де кірістер 20,6%-ға өсіп, 529,1 млн долларға жетті. Ал таза пайда 18,5 млн долларды құрады. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға төмен.

Қаржылық нәтижелердің нашарлауына авиаотынның қымбаттауы, Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты проблемалар, ұшақтарды күтіп ұстау мен жөндеу, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындардың артуы негізгі себеп болған. Атап айтқанда, шетелдік әуежайлардағы жанармайдың орташа бағасы өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 47%-ға өскен. Шығындарды азайту мақсатында топ Қазақстанда ұшақтарға жанармай құю үлесін 71%-дан 75%-ға дейін арттырған. Отын негізінен отандық мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алынады.

Қарыз жүктемесі артты

2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша топтың ақша қаражаты 5,2%-ға қысқарып, 511,5 млн долларды құрады. Сонымен қатар таза қарыздың EBITDAR көрсеткішіне қатынасы 1,3-тен 1,89-ға дейін өскен.

Компания мұны ұшақтарды жалға алу бойынша міндеттемелердің артуымен және EBITDAR қаржылық көрсеткішінің төмендеуімен түсіндіреді. Соған қарамастан, Air Astana басшылығы қарыз жүктемесінің деңгейі мен өтімділік қоры белгіленген межелер шегінде қалып отырғанын айтады.

Air Astana халықаралық рейстерге басымдық беріп отыр

Шығындардың өсуіне қарамастан, компаниялар тобы әуе кемелерінің сыйымдылығын табыстылығы жоғары халықаралық бағыттарға қарай қайта бөлуді жалғастыруда. Үшінші тоқсанда Қытай бағытындағы тасымалдау қуаты 99%-ға, Үндістан бағытында 23%-ға артқан. Халықаралық транзиттік жолаушылар ағыны 75%-ға өскен. Жалпы, 2026 жылдың басынан бері топ 24 жаңа бағыт ашты.

Жазғы маусымда әуе компаниялары апта сайын 300-ден астам халықаралық және 500-ден астам ішкі рейс орындаған. Алматы, Астана және Атыраудан Ыстанбұлға қатынайтын рейстер саны аптасына 25-ке дейін артты.

Әуе паркі толықтырылғаннан кейін компаниялар тобының иелігінде 65 ұшақ бар. Оның 36-сы Air Astana әуе компаниясының, ал 29-ы FlyArystan әуе компаниясының пайдаланудағы паркіне тиесілі. 2030 жылдың соңына қарай әуе кемелерінің жалпы санын 86-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Компания 2027 жылғы жазғы маусымның қызған шағына дейін Pratt & Whitney қозғалтқыштарындағы ақауларға байланысты ұшақтардың тоқтап тұру мәселесін толық шешуге үмітті. Сонымен бірге басшылық алдағы уақытта да, әсіресе авиаотынға қатысты шығындардың өсуіне байланысты қысым сақталатынын ескертеді.


Бүгін, 13:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.