
Маңғыстау облысында Құрық ауылы маңында кәріз суының Каспий теңізіне ағызылғаны расталды. Экологиялық заңбұзушылыққа Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі кінәлі болып шықты. Зақымданған құбыр осы бөлімнің теңгерімінде болған, деп хабарлайды Lada.kz.
Тексеруге ауыл тұрғындарының шағымдары себеп болған. Жағалау бойымен серуендеп жүрген жергілікті тұрғындар жағымсыз иісі бар ағын судың балалар алаңының жанынан өтіп, жағажайға қарай ағып жатқанын байқаған.
Облыстық экология департаментінің мамандары жағалау аумағына кезектен тыс мониторинг жүргізіп, құбырдың жарылған жерін анықтап, сұйықтықтан сынама алған. Зертханалық талдау нәтижесінде теңізге кәріз суларының төгілгені расталды.
Қазір құбырдағы апат жойылып, су ағуы толығымен тоқтатылған. Алайда мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Экологтар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығын экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мақсатында прокуратураға ресми өтініш жолдады. Жағдай департаменттің бақылауында.
В Атырау +4.1