Атырау, 11 қараша 12:18
 дождьВ Атырау +4.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Өндіріс өсіп, қор азаюда: «ҚазМұнайГаз» өзінің мұнай қорын қалай пайдаланып жатыр

34 рет қаралды

Сарапшылар 2015-2025 жылдар аралығындағы кезеңде әлемдегі ең ірі тоғыз мұнай-газ компаниясының қаржылық және өндірістік есептілігін (SEC 10-K/20-F нысандары) талдады. Зерттеушілердің назарына қазақстандық ұлттық оператор «ҚазМұнайГаз» да ілікті, деп хабарлайды Energy Analytics.

Бағалау екі негізгі параметр бойынша жүргізілді:

  • RRR (Reserve Replacement Ratio) — компания өндірілген әрбір баррельге қанша жаңа дәлелденген қор тапқанын немесе сатып алғанын көрсетеді.

  • RLI (Reserve Life Index) — өндірудің қолданыстағы деңгейі сақталған жағдайда ағымдағы мұнай қорының қанша жылға жететінін көрсетеді.

Қорытынды рейтинг 2023–2025 жылдардағы жиынтық RRR және 2025 жылдың соңындағы RLI көрсеткіші негізінде қалыптасты.

«ҚазМұнайГаз» нешінші орынға орнықты

Қазақстандық ұлттық оператор «ҚазМұнайГаз» әлемдік рейтингте 6-шы орынға ие болды.

ҚМГ-ның RLI көрсеткіші (қорлармен қамтамасыз етілуі) 13,4 жылды құрайды, бұл шартты нормативтік межеден жоғары. Дегенмен сарапшылар кері динамиканы атап өтуде: 2019 жылдың өзінде компанияның бұл ресурстары 17 жылға жететін еді.

2023–2025 жылдары ҚМГ өндірісі 14 пайызға өсті, бұл ретте дәлелденген қорлар 3,9-дан 3,5 миллиард баррель мұнай эквивалентіне дейін төмендеді. Соңғы үш жылдағы қорларды толықтырудың жиынтық коэффициенті (RRR) 67 пайызды құрады (жылдар бойынша: 172%, -89% және 114%). Егер өндіру жаңа кен орындарын толыққанды арттырусыз осындай қарқынмен өсе берсе, ҚМГ-ның қорлармен қамтамасыз етілуі әрі қарай төмендей береді деп ескертеді сарапшылар. 

Нарық көшбасшылары мен аутсайдерлері

Әлемдік тоғыз корпорацияның тек төртеуі ғана екі мақсатты межені орындай алды (жоғары өсім және алдағы жылдарға жеткілікті қор):

  1. Petrobras (Бразилия) — RRR 160%, қоры 12,5 жылға жетеді.

  2. TotalEnergies (Франция) — RRR 138%, қоры 12,2 жылға жетеді.

  3. ExxonMobil (АҚШ) — RRR 133%, қоры 11 жылға жетеді.

  4. Eni (Италия) — RRR 112%, қоры 10,9 жылға жетеді.

Бұл ретте бразилиялық Petrobras 10 жыл ішінде өзінің қорын 10,5-тен 12,1 миллиард баррельге дейін арттырған жалғыз компания болды.

Әлемдік сала жинаған қорын «пайдаланып» жатыр

Зерттеу әлемдік мұнай-газ секторының негізгі мәселелерін анықтады:

  • Барлаудың орнына сатып алу. Американдық гиганттардың жоғары өсім көрсеткіштері жаңа ашылуларға емес, бірігулер мен жұтылуларға байланысты. ExxonMobil Pioneer компаниясын сатып алудың арқасында 287% RRR көрсетті, ал Chevron Hess-пен мәміле есебінен 2025 жылы 158%-ға жетті (бұл ретте Chevron-да қорлармен қамтамасыз етілу 7,8 жылға дейін төмендеді).

  • Жалпы сарқылу. Сегіз халықаралық корпорацияда 1P дәлелденген қорлары 10 жыл ішінде 20 пайызға (98-ден 79 миллиард баррельге дейін) азайды, ал сонымен бірге өндіру сол кезеңде 5 пайызға өсті.

  • Қор тапшылығы. Төрт алыптың да RLI көрсеткіші 10 жылдық шекті межеден төмен түсті: Equinor (7,0 жыл), BP (7,2 жыл), Shell (7,6 жыл) және Chevron (7,8 жыл). Бұл ретте Shell 2025 жылы толықтыру бойынша теріс аймаққа өтіп (RRR -41%), қорларын 9,5-тен 8 миллиард баррельге дейін азайтты.

Бүгін, 11:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.