Атырау, 10 қараша 11:39
 дождьВ Атырау -2.1
$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

Түркістандағы төбелес: қыздың жаңа мәлімдемесі қоғамда қызу пікірталас тудырды

21 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Түркістанда Turan Mall сауда орталығындағы балалар ойын алаңында екі келуші әйелдің төбелескен оқиғасы жалғасын тапты. Әлеуметтік желіде тараған видеода екінші әйелді ұрып жатқан қыз өзінің 18 жасқа толмағанын және жанжалды бірінші болып бастамағанын мәлімдеді. Жасөспірімнің айтуынша, жанжал әйелдің оның інісін өзін дұрыс ұстамады деп айыптауынан басталған.

Instagram желісіндегі Jagdai парақшасының хабарлауынша, жанжалға қатысушылардың бірі оқиғаның өз нұсқасын айтып берген. Оның сөзінше, 7 қарашада ол інісімен бірге балалар ойын алаңында болған. Ойын кезінде бала допты абайсызда лақтырып жіберген. Осыдан кейін қызға басқа баланың анасы келіп, наразылық білдіре бастаған.

Жасөспірімнің айтуынша, ол жағдайды сабырмен түсіндіруге тырысып, тіпті бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көруді ұсынған. Алайда әйел ұрысуын жалғастырып, оның киімінен ұстап, інісін жұлқылаған. Қыздың мәлімдеуінше, ол жанжалды бірнеше рет сөзбен шешуге тырысқан, бірақ кейін әйел бірінші болып оның кеудесінен итерген.

Осыдан кейін төбелес басталған. Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда көк киім киген қыздың әйелге бірнеше рет соққы жасағаны көрінеді. Алайда жасөспірім тек қорғанғанын айтып отыр.

Қыздың жаңа мәлімдемесі Қазнетте тағы да қызу талқылауға себеп болды. Көптеген қолданушы жасөспірімді қолдап, ересек әйелдің оған күш қолданбауы керек екенін жазды.

«Қызым, өзіңді қорғай алғаның үшін жарайсың! Бәріміз видеоны және сені қалай арандатқанын көрдік», — деп жазды қолданушылардың бірі.

Басқа пікір қалдырушылар да видеода қыздың бастапқыда сабырмен сөйлесуге тырысқанын, ал қоңыр киімдегі әйелдің бірінші болып күш қолданғанын атап өтті. Кейбірі жасөспірімге бокспен кәсіби түрде айналысуға кеңес берді. Дегенмен жанжалды соққыға дейін жеткізбеу керек еді деген пікірлер де айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облыстық полиция департаменті балалар ойын алаңындағы төбелес дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қатысушылардың бірі дене жарақатын алған, ал құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген адам тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полицияға жеткізілген.

Кәмелетке толмаған қыздың процестік мәртебесі, сараптама нәтижелері және екі тараптың әрекетіне берілген құқықтық баға туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Қыздың әрекеті қажетті қорғаныс болған-болмағаны тек жарияланған видеороликке қарап емес, оқиғаның барлық мән-жайы ескеріле отырып шешілуі тиіс.


Бүгін, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.