
Акционерлік қоғам органдарының шешімдерінің күшін жою қызметкерлердің бұған дейін туындаған еңбек құқықтарының автоматты түрде тоқтатылуына немесе өзгеруіне әкеп соқпайды. Қазақстанның Конституциялық соты тиісті түсіндірме берді.
Конституциялық сотқа азаматтардың өз құқықтарының бұзылғаны туралы шағымдануы істі қарауға негіз болған. Белгілі болғандай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның жалғыз акционері директорлар кеңесінің бұған дейін лауазымдық жалақының жаңа схемасын бекіту туралы шешімінің күшін жойған. Қызметкерлер бұл бұйрыққа жалпы юрисдикция соттарында дау айтуға тырысқанымен, нәтижеге қол жеткізе алмаған. Осыдан кейін олар Конституциялық сотқа жүгінген.
Өтініш берушілер «Акционерлік қоғамдар туралы» заң нормасы акционерлерге тым кең өкілеттік беретінін және қызметкерлердің еңбек жағдайларын біржақты тәртіппен нашарлатуға мүмкіндік жасайтынын алға тартқан.
Істі зерделеген Конституциялық сот акционерлердің шешімдердің күшін жою құқығы қоғамның ішкі қызметіне ғана қатысты екенін, алайда бұл қолданыстағы еңбек заңнамасының күшін жоймайтынын атап өтті.
«Акционерлік қоғам органының шешімінің күшін жою қызметкерлердің бұған дейін туындаған еңбек құқықтарының автоматты түрде тоқтатылуына немесе өзгеруіне әкеп соқпайды. Еңбек қатынастарының талаптарын өзгертуге заңнамада және еңбек шартында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Еңбек жағдайларын біржақты тәртіппен өзгертуге болмайды», — деп атап өтті Конституциялық сот.
Сонымен қатар сот «Акционерлік қоғамдар туралы» заңның өзінен Конституцияға қайшылық белгілерін анықтамаған. Конституциялық сот Қор басшылығы әрекеттерінің заңдылығын және жалақы мөлшеріне қатысты нақты өзгерістерді бағалау жалпы юрисдикция соттарының құзыретіне жататынын атап өтті. Азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін сол соттарға қайта жүгіне алады.
В Атырау +2.9