Атырау, 9 қараша 11:29
 дождьВ Атырау +2.9
$ 447.14
€ 499.54
₽ 5.46

Белгілі айтыскер ақын Надежда Лушникова дүниеден өтті

Бейнежазба
54 рет қаралды

Қазақтың сөз өнері мен айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ ортасында тәрбиеленіп, ана тілінде білім алған ол өлеңді жазып қана қоймай, суырып салып айтатын бірегей дарын иесі ретінде қалың жұртшылыққа кеңінен танылды. Оның өнердегі есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді.

Ол 1961 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педучилищені, ал 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін (қазақ бөлімін) тәмамдады. Еңбек жолын 1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы және мектеп мұғалімі ретінде жалғастырды. 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев мұражайының директоры қызметін атқарды.

Ақынның шығармашылық жолы жастайынан жарқын жетістіктермен толықты. Ол 1963 жылы Қызылорда облыстық айтысына қатысып, жүлдегер атанды. Шымкенттік ақын Қалдыбек Әліқұлов екеуінің айтысы режиссер Т.Дүйсебаевтың «Айтыс» кинофильміне түсірілген. Сондай-ақ Жамбыл (1965, 1978) және Алматы облыстық (1977, 1979) айтыстарында топ жарып, қарсыластарын мойындатты.

Алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Кейіннен ақынның «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты жеке жыр жинақтары жарық көріп, соңғы жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығымен марапатталды.


Бүгін, 10:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.