Атырау, 9 қараша 13:17
 дождьВ Атырау +2.9
$ 447.14
€ 499.54
₽ 5.46

Бес жұп егіз сарбаз бір әскери бөлімде қызмет етіп жүр

81 рет қаралды

Алматыдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бір мезгілде бес жұп егіз сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Еліміздің әр өңірінен келген он жас жігіт қазір бір сапта ел тыныштығын күзетуде.

Сырт келбеті бірдей болғанымен, әрқайсысының таңдаған мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі. Айталық, Ақтөбе облысынан шақырылған 19 жастағы Аман мен Есен Байдуллаевтар жауынгерлік қызмет кезінде есірткі заттарын тасымалдаған күдіктіні ұстау операциясына қатысып үлгерді.

Ал Қызылордадан келген Нұртөре мен Жантөре Нұрылданың жасы 20-да. Отбасының кенжелері әскерге келгенге дейін мамандық алып, бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, екіншісі фельдшер атанған.

Түркістан облысынан келген Аман мен Есен Сапаралылардың өнерге деген ықыласы ерекше. Олар халық әндері мен термелерді орындағанды ұнатады. Айта кетерлігі, олардың әкесінің де егіз інілері бар.

Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар болса, қызмет барысында полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүр. Олар мерзімді әскери қызметшілерге тегін білім алуға жол ашатын «Сарбаз 2.0» бағдарламасына да өтініш берген.

Ал Кентау қаласынан келген Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер Шымкенттегі «Мирас» университетінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» мамандығы бойынша оқыған. Егіздер алдағы уақытта ұстаздық жолды жалғастырып, мектеп оқушыларына әскери істің қыр-сырын үйретуді көздеп отыр.

Бір әскери бөлімде қатар қызмет ету он сарбаз үшін өзара қолдау мен үлкен өмірлік тәжірибе.

Жалпы, ел бойынша Ұлттық ұланның мыңдаған әскери қызметшісі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп келеді. Күн сайын 21 қалада 7 мыңнан астам ұландық патрульдік қызметке шығады. Жыл басынан бері олардың көмегімен 13 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді.

Бүгін, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.