
Қаржы мониторингі агенттігі шетелдік интернет-казинолардың пайдасына заңсыз ақша аударумен айналысқан қылмыстық схеманың жолын кесті. Тергеу барысында күдіктілердің 191 миллиард теңгеден астам қаражатты айналымға шығарғаны анықталды.
Ведомство мәліметінше, бұл схемаға түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминалды біріктірген үш бақылаудағы компанияның төлем жүйесі пайдаланылған. Аталған жүйе арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN сияқты танымал шетелдік интернет-казинолардың шотына ақша аударылып отырған. Жүргізілген операциялардың жалпы сомасы 191 млрд теңгені құраса, ұйымдастырушылардың есептелген комиссиялық сыйақысы 286 млн теңгеге жеткен.
Қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері қолданылған. Кейбір кәсіпкерлер өз деректерінің бөтен мақсатта пайдаланылып жатқанынан мүлде бейхабар болған. Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркеліп, қаражат жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде көрсетіліп отырған. Ал түскен ақша шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта түрінде аударылған.
Қазіргі уақытта қылмысты ұйымдастырған азамат қамауға алынды. Сондай-ақ соттың санкциясымен төрт көлікке және 103 миллион теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
В Атырау +2.9