
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 триллион теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу туралы Жарлыққа қол қойды. Қаражат баламалы қаржыландыру көздері жоқ стратегиялық және жалпыұлттық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Құжатқа сәйкес, бөлінген қаражаттың ең үлкен бөлігі — 1 триллион теңгеге жуық сома — көлік және қала құрылысы инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалады.
Ұлттық қордан бөлінетін 2 триллион теңге қалай үлестіріледі:
Көлік және шекара: 999,3 миллиард теңге — көлік инфрақұрылымын, соның ішінде әуе қатынасын, тау кластерін және мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін дамыту мен жаңғыртуға;
Энергетика және АЭС: 529,4 миллиард теңге — атом энергетикасын, газ тасымалдау жүйесін, сондай-ақ жылу және электр энергетикасы нысандарын дамытуға;
Әлеуметтік сала: 251,1 миллиард теңге — мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды салу мен реконструкциялауға;
Су ресурстары: 123,7 миллиард теңге — елдің су әлеуетін тиімді басқару мен сақтауға;
Қауіпсіздік және төтенше жағдайлар: 57,4 миллиард теңге — қорғаныс, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлардан қорғау нысандарына және қоғамдық тәртіпті сақтауға;
Ғарыш: 38,9 миллиард теңге — ғарыш саласын дамытуға.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2028 және 2029 жылдарға арналған Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер де бекітілді. Олардың көлемі жыл сайын 1,5 триллион теңгеден болады.
В Атырау +15.6