Атырау, 24 қараша 11:19
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алматы билігі өртенген барахолканы түгел сүріп тастамақ

1 850 просмотра

Алматының барахолкасындағы теке-тірес жалғасуда. Екі рет қатарынан өртеніп, күлге айналған базарларды билік енді түгел сүріп тастамақ. Кешелі бері құрылыс техникалары тартылып, бұзудың алды басталып та кетіпті. Содан қорыққан саудагерлердің көбі өз еріктерімен тауарларын әкетуде. Ал көшуге келіспегендері бүгін тағы базарды қоршап, ешкімді өткізбей тұрған тәртіп сақшыларымен жаға жыртысты.

Тұрағы Алматыда болса да ныспысы тұтас елге танымал барахолканы бас-аяғы жарты күнде жылан жалағандай жойған жалынның кадрлерін көрсетпегендер кемде-кем. Аумағы 4 мың шаршы метрге жуық сауда орындарының күлі көкке ұшты. Тақырға отырып тентіреп кеткен саудагерлер тағы келді бүгін. Ішке өтіп өрттен сау қалған тауарларын сатпақ сондағы ойлары. Алайда 3 тәуліктен бері базарды жауып тастаған тәртіп сақшылары ішке тірі жанды кіргізбеді. 900-ден астам контейнердің жермен-жексен болғанын естіген саудагерлер сең соққан балықтай сенделіп жүр.

Айгүл Көкембаева, саудагер:                   

- Біз желтоқсан айының арендасын түгел төлеп қойдық. Тым болмаса желтоқсанда істеп, жаңа жылға дейін босатыңдар десе тауарымызды алып кетеміз ғой, мал емеспіз, есек емеспіз, кетеміз ғой.

Саудагерлер жанайқайға басып жүргенде отқа оранған базардың басшылығы да бастарымен әуре. Жыл соңына дейін мұрсат бер деп әкімдікпен әлі келіссөз де жүргізбепті.

Асқар Бердібеков, “Құлагер” базары директорының орынбасары:

Жоқ, біз ешкімге уәде бере алмаймыз. Бір аптада жасап береміз немесе бір күнде жасап береміз деп. Ол бізге байланысты болып тұрған жоқ, мемлекет орындары сараптама орындары қалай айтады, соған байланысты.

Өртенген тауары үшін көк тиын өтемақы алмайтындарын ұзынқұлақтан естіп ашынған саудагерлер бел кеткенше беріспейміз деген еді. Кешелі бері базарды босатуға көнбегендердің сауда орындары қиратыла бастаған. Оны көрген өзгелерінің жүрегі шайлығып, бүгін тауарларын қолтықтап әкетіп жатыр.

Таң алкеуімде тұтанып тал түске дейін талқан болған барахолканың күнгей бетінде қызу сауда жайына қалған. Ғайыптан пайда болар тілсіз жаудан әбден мезі болған жұрт сауда орындарын өз еріктерімен талқан қылуға мәжбүр, мұндағы тауарларын қосымша қоймаларға тасуда. Алып қала Алматының бейресми брендіне айналған барахолкадан қарапайым қараша санаулы тәулікте қараларын батырмаса іске базардың қақпасындағы ауыр техника кіріспек.

Дереккөз: КТК арнасы

20 қараша 2013, 11:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.