Атырау, 28 қазан 15:16
 дождьВ Атырау +16.5
$ 455.63
€ 507.89
₽ 5.65

Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тапсырмалар берді

68 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеруді жалғастырамыз. Үкіметке оның мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырамын», — деді Президент.

Кімдердің жалақысы 40 пайызға дейін өседі?

Тоқаев келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеруді де тапсырды. Жалақы мөлшері үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады.

Бұл шара 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Президент жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке бөлінетін қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту қажеттігін де атап өтті.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау

Мемлекет басшысы инклюзивті білім беруді дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда 237 мыңнан астам бала осындай білім алуды қажет етеді. Соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны да артып келеді.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп, тиісті инфрақұрылымды дамыту және ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде осы қажеттіліктерді ескеру тапсырылды.

Сондай-ақ Тоқаев мамандар тапшылығын жүйелі түрде азайтуға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерте диагностика жүргізуді қамтамасыз етуге шақырды. Оның айтуынша, бұл жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры да белсенді түрде атсалысуы керек.


Бүгін, 14:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.