Атырау, 28 қазан 12:27
 дождьВ Атырау +10.5
$ 455.63
€ 507.89
₽ 5.65

Тоқаев: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс

61 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің барлық өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды. Инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жоспарын әзірлейді. Ол бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салуды көздейді.

«Мен бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Әңгіме жекелеген жобалар туралы емес», — деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 триллион теңге қарастыру қажет.

Ең алдымен, Тоқаев өңірлердің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін талдауды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Мемлекет басшысы азаматтарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өмір сапасын арттырудың маңызды шарты деп атады.

Президент қалаларды дамыту мәселесіне де жеке тоқталды. Әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді нақты даму жоспары болуы керек. Сонымен қатар Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, ресурстарды тиімді басқару үшін қалалық инфрақұрылымның цифрлық егіздерін әзірлеуге тиіс.

«Қуатты қалалар — қуатты өңірлердің, ал қуатты өңірлер — қуатты мемлекеттің негізі», — деді Тоқаев.

Президент бұл жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін экономикалық әлеуетке де тоқталды. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі.

Мемлекет басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі қазірдің өзінде 14 пайыздан асты. Ал алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан асып отыр.

Тоқаев бұл әлеуетті инфрақұрылымды жаңартуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажеттігін атап өтті. Ол стратегиялық міндет ретінде келесі ұрпаққа экономикасы қуатты, технологиясы, білімі мен ғылымы дамыған Қазақстанды қалдыруды атады.


Бүгін, 11:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.